Басты Жаңалықтар СҚО-да көру қабілетінен айырылған механизатордың еңбегіне ауыл тұрғындары дән риза

СҚО-да көру қабілетінен айырылған механизатордың еңбегіне ауыл тұрғындары дән риза

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылының тұрғыны Аманжол Бықсыбаев бала кезінде көру қабілетінен айрылған. Басына түскен қиындыққа қарамастан зейнеткер түрлі техниканың тілін біледі. Қосалқы бөлшектерін қолмен сипалап танып, тракторларды өзі жөндейді. Көрші-қолаңға көмектесіп, істен шыққан тұрмыстық заттарды қайта кәдеге жаратады.

Аманжол Бықсыбаев, ауыл тұрғыны:
Кішкентай балаға қолшамның сымын қиып берем деп, бір ұшы көзіме тиді. Ауруханаға түсіп, 6 ай жаттым. Сол екінші көзіме де ауды. 13-14 жасқа келгенде мүлде көрмей қалдым.
Үйде отырғасын, оны-мұны шұқылап жөндей беремін. Тракторды өзім жинап алдым. Моторын өзім салып шықтым. Күнкөрісім – осы трактор. Жаз шықса, жөндеп алып, сонымен шөбімізді шабамыз, отынымызды әкелеміз. Ағайын-туыстарға да көмектесеміз. Сипаласаң, бәрі табылады. Осылай. Тек бірден ұқпайсың, қайта-қайта сипалап отырып. 

Бұрын ауылым үлкен, оңды еді. Қазір бітіп қалды – 10 шақты үй ғана. Бәрі бір-біріне көмектеседі. Маған да көмектеседі, оларға рахмет. Жаздыгүні балапан аламыз, күздігүні сатамыз – сол күнкөрісіміз. Малды да солай. Балаларыма «ала жібін аттама, ешкімнің ештеңесіне тиме, алма» деп айтамын. Сосын ұрыспаймын. Әперетінін әперіп тұрамын. Велосипеді де бар, жай велосипеді де бар, дрон да бар. Ол жағынан кем қылмаймын. Екі қызым Катар мемлекетіне, Дохаға барып келді. Қызды құрметтейді ғой қазақ халқы.

Әсемгүл Жанайдарова, ауыл тұрғыны:

Менен 17 жас үлкен. 23 жыл болды, үнемі қол ұстасып жүреміз. Не істесек те бірге істейміз. Қора-құрылыс, барлығын бірге жасаймыз. Отын әкелуге көмектеседі, үйдің ішінде үй сыпырады, ыдыс-аяқ жуады. Үш балам бар, үлкені – 21-де.

Аманжол Бықсыбаев, ауыл тұрғыны:

Қай жерде тұрғанын, қандай, не дыбыс арқылы біліп отырамын. Қазір қартайғасын, бағдар жасай алмай қаламын. Айрылып қалмау үшін магнитті қолданамын. Байланыс болмай қалады екен, қызғанда анау босап қалады ғой. Соны тіспен тістеп, тығамын тығыз болады.

Күміс Молдахметова, ауыл тұрғыны:

Сүт машинам істемей қалған, соны әкеліп істетіп алдым. Бәрін жөндейді, көрші ауылдардан да әкеліп жөндетеді.

Аманжол Бықсыбаев, ауыл тұрғыны:

«Білмеймін» деп айтпаймын. Үйреніп аламын.

11-12 жасымда үйреніп алдым. Сосын жай күй тартып жүрдім. Кейін өлеңге де қатыстым. Тойларда өлең айтамын, сол. Кемпірім анда-мында кетіп қалады, сонда өзім жалғыз «балға әпер, шеше әпер» деп таба алмай қаламын. Сосын жұмыс тоқтап тұрады. Әйелім қай жағынан болсын қолдайды. Бірдеңе істесем деп, сөйлеген сөзімді де қолдайды. Алып барады, алып келеді дегендей.

Осы бөпелерім үшін жүрмін. Алла қуат беріп, солар үшін ауылда мал бағып, құс бағып, жетілдірейін, жеткізейін деп тырысып жүрмін.


Бөлісу