Басты Жаңалықтар Газадағы соғыс: Израиль мен ХАМАС арасында келіссөздер басталады

Газадағы соғыс: Израиль мен ХАМАС арасында келіссөздер басталады

Бүгін Израиль мен ХАМАС арасында Газадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер басталады. Кездесу Мысырдың арағайындығымен өтеді. Ресми Каирдың мәлімдеуінше, тараптар ең алдымен израильдік тұтқындар мен түрмеде отырған палестиналықтарды босату мәселесін талқыламақ.

Израиль мен ХАМАС кездесуі Мысырдың Шарм әл-Шейх қаласында өтеді. Әлем халқы бұл келіссөздер арқылы Газадағы соғыс тоқтайды деп үміттенеді. ХАМАС делегациясын топ лидері Халиль ал-Хайя бастап барса, Израиль жағынан «Моссад», және «Шин-Бет» барлау қызметтерінің өкілдері, премьер-министрдің сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі және кепілдегілерді босату мәселесі бойынша үйлестірушісі қатысады. Келіссөз АҚШ президенті Дональд Трамптың екі жылдық қақтығысты тоқтатуға бағытталған 20 пункттен тұратын жоспарына сай өтеді.

Йоханн Вадефуль, Германия сыртқы істер министрі:

Алда бірнеше күн Газа бойынша бейбіт жоспардың бірінші кезеңін орындауға арналады. Президент Трамп ұсынған жоспардан асып түсетін жоспар жоқ. Аймақ елдерінің көбі оны қолдады. Бұл – жақсы белгі. Енді нақты жұмысқа кірісу керек.

Трамптың бейбіт жоспарына сай, Газада атыс тоқтап, кепілдегілер 48 сағатта босатылуы тиіс. Содан соң Израиль түрмелерінен өмір бойына бас бостандығынан айырылған жүздеген палестиналық азаттық алады. Сонымен бірге Израиль әскері біртіндеп әкетіліп, хамастықтар амнистияға сай сектордан шығарылады. Топтың әскери құрылымдары жойылады. Ал Газаны өтпелі үкімет басқаруы тиіс. Трамп келіссөздердің ойдағыдай өтіп, оның бірінші фазасы осы аптада аяқталатынына сенім білдірді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бірқатар жақсы жүздесулер болды. Әлем елдері, ислам, араб елдері ХАМАС-пен керемет кездесулер өткізді. Оның нәтижесін күте тұрайық.

Израиль мен ХАМАС бұл жоспардың кейбір тұстарымен ғана келісті. Жұманың кешінде ХАМАС кепілдегі израильдіктерді босататынын мәлімдеді. BBC-дің мәліметінше, араб елдері қарулы топқа Трамптың ұсынысын қабылдау үшін қысым жасап көндірген. Алайда ХАМАС қару тастау талабына әзірге келіскен жоқ. Соңғы мәліметтерге сай, ХАМАС Палестина аумағында 48 израильдікті кепілде ұстап отыр. Олардың 20-сы ғана тірі болуы мүмкін.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Бірінші кезеңде ХАМАС кепілдегі азаматтардың барлығын босатады. Ал ЦАХАЛ күштері Газа секторының аудандарын бақылауды жалғастыру үшін қайта шоғырландырылады. Ал екінші кезеңде ХАМАС қаруын тастайды, Газа секторы демилитаризацияланады. Бұл дипломатиялық жолмен немесе Трамп жоспарына сай, болмаса әскери жолмен орындалады.

BBC-дің мәліметінше, Израиль әскері соңғы күндері Газа қаласында қорғаныс позициясына көшкен. Ал ХАМАС өкілдері анклав астанасында әуе шабуылы жалғасып жатқанын мәлімдеді. Израиль Газаны әуеден және құрлықтан атқылауды 2023 жылы 7 қазандағы Хамастың Израиль аумағына шабуылынан кейін бастады. Содан бері 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Олардың көбі – бейбіт тұрғындар.


Бөлісу