Басты Жаңалықтар Қазан айындағы өзгерістер

Қазан айындағы өзгерістер

Мүлік салығын кешіктірсеңіз, өсімпұл қосылады. Wi-Fi-ға кіру тек SMS және электронды цифрлық қолтаңба арқылы мүмкін болады. Көппәтерлі үйлердің қызмет көрсету үшін минималды төлемдерді есептеу тәртібі өзгереді. Сондай-ақ Қытаймен шекара уақытша жабылады. Қазан айында қазақстандықтарды күтіп тұрған осы және басқа да өзгерістер жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді қоғамдық орындардағы Wi-Fi-ға қосылу үшін жеке басыңызды куәландыру қажет болады. Тегін интернетке кіру тек SMS немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асады. Байланыс операторлары мен Wi-Fi желісінің иелері интернетті қолданушыға идентификациядан өткеннен кейін ғана қосылуға рұқсат береді. Бұл қауіпсіздік пен бақылау үшін жасалып отыр. Тағы маңызды өзгеріс, бүгінге дейін пәтері, үйі, саяжайы, гаражы немесе жер учаскесі бар барлық қазақстандық 2024 жылдың мүлік салығын төлеп үлгермегендерге қатысты. Салық сомасы мүліктің кадастрлық құны мен оны қанша уақыт иемденгеніңізге байланысты есептеледі. Егер төлемді 1 қазаннан кешіктірсеңіз, әр күнге өсімпұл қосылады. 14 қарашадан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе одан асатын берешек болған жағдайда салық органдары істі өндірістік басқаруға береді. 5 жұмыс күні ішінде төлем жасалмаса, құжаттар жеке сот орындаушыларына жолданады. Сот орындаушылары банктік шоттарды бұғаттап, жылжымайтын мүлікті сатуға, басқаға рәсімдеуге және 147 мың теңгеден асатын қарыз болған жағдайда шетелге шығуға тыйым сала алады. Салық қарызын Әділет министрлігінің порталынан тексере аласыз. Сондай-ақ, 18 қазаннан бастап көппәтерлі үйлердің қызмет көрсету үшін минималды төлемдерді есептеу тәртібі өзгереді. Яғни, подъездті тазалау, қоқыс шығару, лифт және басқа да жалпы қызметтер үшін ай сайын тұрғындар төлейтін төлемдер мөлшері айлық есептік көрсеткіш бойынша және инфляцияға орай бекітіледі. Тағы бір маңызды ақпарат - Қытаймен шекара уақытша жабылады. Себебі көрші елде 1–3 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының құрылған күні, ал 6 қазанда Күз ортасы мерекесі тойланады.

Бөлісу