Басты Жаңалықтар Ерекше балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдауға ие

Ерекше балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдауға ие

Биыл марапатқа тек мектеп мұғалімдері ғана емес, арнайы білім беру ұйымдарының қызметкерлері де ие болды. Оның ішінде инклюзивті білім берумен айналысатын мекемелер бар. Бүгінде еліміздегі мектептердің 90 пайызында инклюзивті білім алу үшін жағдай жасалған. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға ие.

Ал мұндай жанашырлық таныту үшін педагогтың өзіне үлкен сабыр мен төзім қажет дейді психолог Мөлдір Қанатқызы. Ол ерекше балаларды қоғамға бейімдеумен үш жылдан бері айналысып келеді. Айтуынша, қолдау тек балаға ғана емес ата-анаға да қажет. Бір баланың аяққа тұруы үшін кемінде үш айдан бастап үш-төрт жылға дейін тұрақты жұмыс істеледі. Әр баланың жетістігі біз үшін үлкен қуаныш - дейді ол.

Мөлдір Қанатқызы, педагог-психолог:

Қарапайым балалардың шұлығын киіп-шешуі, балалардың өз-өзін ұстауы немесе столға отыруларының өзі біз үшін – үлкен жетістік. Біз сондай жетістікті көрсек бала секілді қуанамыз.

Астана қаласында аутизм, дцп секілді диагнозы бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін 5 мекеме жұмыс істейді. Онда жыл сайын 5 мыңға дейін бала тәлім алады. Сала өкілдерінің айтуынша, мұндай қызметке сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Алайда білікті маман тапшы.

Гүлжанар Нұрланқызы, Астана қалалық «№5 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мекемесінің директоры:

Жас маманның жалақысы 126 мың теңге. Әрине жұмыс қиын. Өйткені біз әр баланың ерекшелігі болады. Ерекшелігіне сәйкес біз әдіс тәсіл тауып, жұмыс істейміз. Жеке жоспар жасаймыз. Жеке жоспарға сәйкес маман өзінің әдіс-тәсілін алып жұмыс істеп, ары қарай дамытады.

Жұмыстың қиындығына қарамастан, өз ісіне адал мамандар басқа салаға бет бұрмайды. Өйткені бұл қызметті олар өмірлік миссия деп біледі. Қазір мемлекет тарапынан қолдау да күшейіп келеді. Алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Бүгінде ел бойынша 508 арнаулы білім беру мекемесі мен 121 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Ал жақында үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылмақ.


Бөлісу