СҚО-да бір аптада 300-ден астам құс қырылды
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылында үй құстары қырылып жатыр. Бір аптада 300-ден астам қанатты өлген. Мамандар тиісті сынама алып, зертханаға жолдады. Құстардың неден қырылғаны әзірге белгісіз.
Эльмира Кәленова, тілші:
Негізінен қаз бен тауық қырылып жатыр. Тұрғындар жаз бойы асырап баққан құсты мына шұңғырға тастауға мәжбүр.
Светлана Ткаченко көктемде 120 бас қаз алған. Құстардың саны күн сайын азайып барады. Қазір 30-ы ғана қалған. Ветеринардың кеңесімен дәрі-дәрмек беріп жатқанын айтады. Алайда нәтиже жоқ.
Светлана Ткаченко, ауыл тұрғыны:
Өткен жексенбі күні қаздар қырыла бастады. Біз бірден әкімдікке хабар бердік. Алайда ветеринарлық станция өкілдері сейсенбіде сараптама алуға келгенше, 16 қаз өлді. Күні бойы өлекселерді жинап, кешке шығарамыз.
Эльмира Кәленова, тілші:
Тұрғындардың айтуынша ауру құс алдымен көру қабілетінен айрылып, бір жерде айнала береді. Одан кейін шалқалақтап, әбден әлсіреп 2-3 сағат ішінде өліп қалады.
Айман Жоламанова, ауыл тұрғыны:
20 қаз алған едім. Қазір бесеуі ғана қалды, оларды сойып жатырмын. Өзім жегенім дұрыс деп шештім. Амандық болса, ертең тағы екі қазымды сойып, тыныш отырамын.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мамандар ауру құстан, су мен жемнен сынама алған. Алайда әзірге нақты диагноз әзірге белгісіз.
Ербол Багенов, Қызылжар аудандық ветеринариялық станциясының директоры:
Сараптама құс тұмауы мен пастереллезге алынды. Құс тұмауына қатысты нәтиже теріс болды, ал пастереллезге тексеру әлі жүріп жатыр. Біздің облыстық зертхана басқа ауру түрлерін анықтамайды, сондықтан оларды қосымша тексеру үшін Астанаға жіберу қажет.
Эльмира
Кәленова, тілші:
Аурудың таралуының алдын алу мақсатында дезинфекциялық шаралары жүргізілмек. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше басқа елді мекендерде құс шығыны тіркелген жоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
