Басты Жаңалықтар Ұстаздар династиясы: Бір әулеттен 6 мұғалім шыққан

Ұстаздар династиясы: Бір әулеттен 6 мұғалім шыққан

120 жыл. Бұл - Жетісу облысы, Жаңаталап ауылындағы ұстаздар династиясының жалпы еңбек өтілі. Бүгінде Ерғосаевтар отбасының екінші буыны білім беру саласында қызмет етіп келеді. Бір әулеттен 6 мұғалім шыққан. 

Әулеттің үлкені Мырзабай Ерғосаев келер жылы 70-ке толады. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Жұбайы Күлімхан Мұхаммедқалиқызымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің барлығы да мұғалімдікті таңдапты. Тіпті екі келіні мен күйеубаласы да осы салада қызмет етеді. 42 жыл ұстаздық еткен Мырзабай Ерғосаев ауыл жастарын спортқа баулыған.

Мырзабай Ерғосаев, Білім беру саласының ардагері:

Алматыдағы дене шынықтыру институтын бітіріп, ауылға оралдым. Осы спорт залдан мыңдаған оқушы білім алды. Балаларды күреске баулу үшін осы жерде гимнастикалық матрас төсеп жаттықтыратынмын.

Педагогтар отбасының кенжесі Бейбарыс Ерғосаев әке жолын жалғап, спорт саласын таңдаған. Қазір Қаратал ауданындағы «Спорт кешенінің» директоры қызметін атқарады. Әрі ауыл балаларын футболдан жаттықтырады.

Бейбарыс Ерғосаев, спорт кешенінің директоры:

Осы спорт саласын таңдауымызға әкеміз себепкер болды. Әкеміз бізге таңдауды үйретті, спортқа деген махаббатымызды ашты. Спорттың не екенін түсіндірді.

Мырзабай Ерғосаев өзі оқытқан шәкірттеріне де үлгі бола білген. Ауыл мектебінде екі бірдей оқушысы, қазір мұғалім.

Жайық Әлдібек, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

Оның ауыл спортына қосқан еңбегі зор. Сол кісінің арқасында спортқа деген ынтамыз артты. Көп жетістікке жетуімізге де осы кісінің еңбегі себеп болды.

Ардагер ұстаз тек дене шынықтыру пәнінің мұғалімі емес, ол - даңқты спортшы. Азия чемпионы. 1978 жылы қазақ күресінен спорт шебері атағын Алматы облысында алғашқы болып иемденген жан. Бұл отбасы адамзат алдындағы ең жауапты жұмыстың жүгін арқалау оңай еместігін біледі. Бүгінде игі іс атқарып, ауыл жастары үшін қазақша күреске арнап, спорт ғимаратын тұрғызған. Ал келер жылы балабақша салуды жоспарлап отырмыз дейді Мырзабай Ерғосаев.


Бөлісу