Басты Жаңалықтар Азғыр полигонын әлі де зерттеу қажет

Азғыр полигонын әлі де зерттеу қажет

Атырау облысында Кеңес одағының тұсында жерасты сынағы жасалған екі әскери полигон бар. Соның бірі Құрманғазы ауданындағы Азғыр полигоны. Ауыл тұрғындарының айтуынша ядролық жарылыстың зардаптары әлі де толық зерттелмеген. Ашық жатқан полигон аумақтарының адамдарға залалы жоқ па? Мамандар не дейді?

1966-1979 жыл. Осы аралықта Азғыр аумағында жерастында ядролық сынақтар жүргізілген. Ең тайызы 160 метр болса, ең тереңі 1500 метрде жасалған. Жарылысты көзімен көргендердің қарасы қазір сиреген. Көбі көшіп кеткен. Ал ауылда қалғандардың бірі – Ғаммат Есенов. Ауыл ақсақалы сол кездерді қазір қорқынышпен еске алады.

Ғаммат Есенов, Азғыр ауылының тұрғыны:

Таң қараңғысынан пожарный машиналары бар, сонымен көшеде сиреналарын қосып халықты оятты ерте. Мына аяқтың асты қозғалды. Енді үрей бала жағында болды. Үлкен кісілер білдірмейді ғой. Малды шығардық қорадағы, дүниямызды шығардық. Бір жарылыстан кейін арасына жарты жыл, бір жыл салып солай жарды бәрін.

Азғыр ауылы облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта Ресеймен шекаралас аумақта. Жергілікті жұрттың айтуынша іргедегі жарылыстар көп адамның денсаулығына кері әсерін тигізген. Сондықтан полигон 1991 жылы Кеңес үкіметі құлаған соң тұрғындардың наразылығы нәтижесінде жабылды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Кеңес одағы кезінде 10 полигонда 17 жарылыс болған. Біз қазір нөмірі тоғызыншы полигонда тұрмыз. Зерттеушілердің айтуынша мұндағы сынақ сәтсіз өткен болуы мүмкін. Өйткені жер беті осылай опырылып түсіп, жер асты суы бетіне шығып кеткен.

Сынақ зардабын ертеректен бері көтеріп жүргендердің бірі қоғам белсендісі – Мансұр Қуанышалиев. Тіпті денсаулық сақтау басқармасынан 1990-2004 жылдар аралығында қайтыс болғандардың тізімін сұратып, жасақтап қойған. Ақпаратқа сәйкес небәрі 14 жылда қатерлі ісік, ақ қан ауруы және тыныс алу жолдарының бітелуі сияқты аурулардан 400-ден аса адам мезгілсіз көз жұмған.

Мансұр Қуанышәлиев, Балқұдық ауылының тұрғыны:

Қарапайым технология мен техникалық қауіпсіздік сақтамаған. Лас жүргізген. Соның салдарынан ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл жердегі ядролық жарылыстың әсері Семейден ешбір кем емес. Тіпті анау Чернобылда болған апаттан бірнеше есе артық деп ғалымдар дәлелдеп берді.

Қазір Азғырда 1996 жылдан бері айналадағы радиация мөлшерін өлшеп, оны зерттеу үшін радиоэкологиялық экспедиция жұмыс істейді. Оның 11 мүшесі топырақ пен судан уақытылы сынамалар алып, алаңдарды назарда ұстайды. Зерттеушілердің айтуынша кей жерлерде қауіп әлі де бар.

Айдос Байғоржын, Азғыр ғылыми-өндірістік радиоэкологиялық экспедициясының басшысы:

Қолданылған өндіріске қажетті материалдардың топырақты ластағаны анықталды. Былай қатты асып тұрған ештеңесі жоқ.

Бұл жұмыстар әзірге тоқтамайды. Өйткені Азғыр полигонын әлі де болса жан-жақты зерттеу қажет. Ал мұндағы тұрғындар әр алаңның айналасына радиоактивті топырақтың желмен көтеріліп ұшуын тежейтін тал-терек егіп, аудан орталығынан ауыл тұрғындарына оңалтудан өтетін сауықтыру ғимаратын салып беруді сұрайды.


Бөлісу