Президент: Діни дипломатияның әлеуетін пайдалану маңызды
Дін басшылары гуманистік көзқарастарды ту еткен бейбітшілік елшілері. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сегізінші съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Себебі сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұрған уақытта діни дипломатияны дұрыс пайдалану маңызды болмақ. Сонымен қатар Президент әлем күрделі экологиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Әсіресе Орталық Азия аймағында салдары ерекше сезілмек. Сондықтан климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынды. Жиында тағы қандай мәлімдемелер айтылды? Басқосудың маңызы қандай? Тілші материалында.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия. Биылғы жиын ұраны осындай. Яғни Астана әлемді бейбітшілікке үндей отырып, бірлесе әрекет етуге шақырады. Осы мақсатта Қазақстан кезекті мәрте барлық дін өкілін бір үстел басына жинап отыр.
Әртүрлі сенім, әралуан көзқарас, алайда ниет бір. Әлемдегі тыныштыққа үлес қосу. Бас қалада бас қосқан дінбасылар жер жүзіндегі қақтығыстарды тоқтатуға шақырып отыр.
Анак Джут Даналд, Малайзия шіркеулер кеңесінің президенті:
Бүгінде қақтығыстардың жиілеуі бәрімізді алаңдатады. Осындай кезеңде бейбіт диалогтың мәні зор. Ортақ келісімге келетін алаң қажет, ал Астанадағы бұл жиын дәл сондай рөл атқарып отыр. Біз бірлік пен бейбітшілікке бастайтын құндылықтарды жаһандық деңгейде дәріптеуіміз.
Азиз Хасанович, Хорватия ислам қауымдастығының төрағасы:
Бейбітшілік – тек саяси келісім емес, ол адамзаттың рухани таңдауы. Қазақстанның түрлі дін өкілдерін диалогқа шақыруы – осы таңдауды айқындайтын маңызды қадам. Бұл бастама әлемге бірлік жолын еске салады.
Әлем – алмағайып. Ахуал теңіздей тербеліп, текетірестер тоқтар емес. Президент халықаралық жағдай ушығып тұр деді. Осы ретте келісімге шақырған жиынның мән-маңызы артып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады.
Президент сөзінше соңғы жылдары әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алды. Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар таққан. Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизм де белең алып бара жатыр. Бұған біздің елімізде жол жоқ деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі.
Әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұр. Гибридті соғыстар өршіп барады. Салдары қисапсыз адам шығыны мен толассыз босқындар нөпірі. Қуатты қару қауіп төндіріп тұр дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады. Өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады.
Осы ретте діни дипломатияның әлеуетін пайдалану маңызды. Өркениеттер арасындағы сенімді нығайтуда дінбасыларына зор үміт артылады дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыған дейінгі Съезд аясында көтерген «Бейбітшілік қозғалысы» атты идеямды талқылауды ұсынамын. Жоғарғы дін қызметкерлері зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бітімге келу жолдарын іздеуге ешқандай саяси реңксіз, бейтарап үндеу жасау арқылы аталған қозғалысқа моральдық тұрғыдан демеу бола алар еді.
Жаһан жаңа технологиялық дәуірге қадам басып отыр. Жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия секілді жаңалықтар адам өмірін түбегейлі өзгертті. Алайда этикалық нормалар бұл қарқынға ілесе алмай отыр. Президент пікірінше дін көшбасшылары адамзаттың цифрлық болашағына қатысты пікірталасқа белсене араласуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады.
Нұрлан Байжігітұлы, Астана қаласындағы Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы:
Жасанды интеллектінің қоғамға керек десеңіз діни ортаға пайдасы шексіз. Енді оның бірақ аясын тиісті мамандар қарап көреді деген үміттемін. Бірақ қоғамды түзетуге, руханиятты дамытуға түбінде көп пайдалы дүние бар. Біз бұны пайдалануымыз керек.
Президент болашақ жастардың қолында екенін айтты. Оның пікірінше, өскелең ұрпақ түрлі дін мен мәдениет өкілдері арасындағы сыйластықты сезініп өсуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Съезд аясында Жас дін көшбасшылары форумы екінші рет өткізіліп жатыр. Бұл форумға қатысушылар ашық пікір алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Бәріміз рухани көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ парыз.
Мемлекет басшысы съезді заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаң деп атады. Форумның 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленді. Ол ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Жиын соңында Президент Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін бірқатар форум қатысушысын марапаттады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бейбітшілік пен қауіпсіздік. Бүгінгі жиында ең жиі айтылған сөздер осы. Дін көсемдері осы бағытқа қадам жасап, Астана бейбітшілік декларациясын қабылдамақ. Яғни, съез жұмысы ертең де жалғасады. Секция отырыстары мен түрлі іс-шаралар жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
