Басты Жаңалықтар Жолдау: Елімізде 13 мың шақырым жол жөнделіп жатыр

Жолдау: Елімізде 13 мың шақырым жол жөнделіп жатыр

Жетісу облысындағы транзиттік көліктердің саны 90 мыңға артқан. Оған себеп - өңірдегі жол инфроқұрылымының жақсаруы. Мемлекет басшысы Жолдауда автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берілетіндігін айтты. Қазір елімізде 13 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Ал республикамызды Еуразиядағы транзиттік хабқа айналдыру мақсатында Қытаймен шекаралас Жетісу облысының маңызы зор.

Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданында республикалық  маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 221 шақырым. Жыл басынан бері оның  38%-на жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жақында тағы «Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас» автожолының 15 шақырымы жаңартылды.

Жасұлан Қалтаев, «Қазавтожол» ұлтық компаниясы» Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары:

«Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» автожолының 291-306 шақырымына орташа жөндеуден кейін пайдалануға беріп жатырмыз. Аталған учаске 15 шақырымнан құралады. Бағаналар жол белгілері орнатылды.

Өңірде «Сарыөзек-Көктал» бағытының 45 шақырымын орташа жөндеуге 7 млрд  теңге бөлінген. Негізгі құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Бүгінге дейін ауыр техникалар күре жолдың асфальтін тоздырып, жолаушылардың барыс келісін қиындатқан. Жауаптылар жолдың қайта бүлінбеуі үшін тиісті шаралар қабылдапты.

Сайлау Солтанқұлов, Көктал ауылының тұрғыны:

Мына жол қанша жыл болды, біздің Кеңес үкіметі кеткеннен бері жөндеуге келмеген жол еді, қазір қарап отырсаң, тақтайдай. Мына жолдың қадір-қасиетін ел білсін, басқа жердегі халық білсін деген ізгі ниеттеріңе рахмет.

Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамытуға 23 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін республикалық маңыздағы жолдың 169 шақырымы толықтай жаңартылады, дейді жауаптылар.


Бөлісу