Басты Жаңалықтар Жамбыл облысының Меркі ауданында Тұрар Рысқұловқа арналған шағын музей ашылды

Жамбыл облысының Меркі ауданында Тұрар Рысқұловқа арналған шағын музей ашылды

Ол үшін он тоғызыншы ғасырдың басында салынған ескі ғимарат қайта қалпына келтірілген. Мыңнан астам экспозициясы бар мұражайды қызықтап келушілер көп. Тіпті қолда бар тарихи жәдігерлерді табыстауға асыққандар да табылып жатыр.

Ауыл мектебі жанынан музей ашылған бойда бабасынан қалған жәдігерлерді тапсыруға асыққан тұрғынның бірі Байсейіт Жылысбаев. Оның атасы қоғам қайраткері Мақсұт Жылысбаев Тұрар Рысқұловтың жолдасы болған. Енді, міне, көздің қарашығындай сақтап жүрген ер тоқымды алып келді.

Байсейіт Жылысбаев, Сарымолдаев ауылының тұрғыны:

- Қайтадан шағын жөндеуден өткен. Ол жерде Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаевтар құрдас болып, дос болып бірге өскендіктен, олар тіпті демалыстарда әкелерінің үйінде атқа мініп, демалған, аңға шыққан.

Жол бойында тұрған ғимарат 1860 жылдары салынған. Қызыл кірпіштен тұрғызылғандықтан, жергілікті жұрт оны «қызыл үй» деп атап кеткен. Ол кездері бұл ғимарат орыс тілінде тілмаш дайындайтын мектеп ретінде ашылған. 

Екі ғасырдан астам тарихы бар ғимаратқа мыңнан астам экспонат қойылған. Олардың ішінде қоғам қайраткерінің өз қолымен жазған қолтаңбалары мен күнделікті тұтынған бұйымдары бар. Мәселен, мына парталарда 1907-1910 жылдары қоғам қайраткері тілмаштар мектебінде білім алған екен.

«Рухани жаңғыру» бастамасы негізінде ашылған музейді жасақтау үшін мамандар біраз ізденген. Архивтерді ақтарып, Түркістан облысындағы Тұрар Рысқұлов музейімен ақпарат алмасқан. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тың деректерді жинауға тұрғындардың көп көмегі  тиген.

Болатбек Қыстауов, музей меңгерушісі:

- Көп адамнан ұсыныс түсті. Ауыл тұрғындары келіп, бізге көне жәдігерлерді, мәліметтерді табуға көмектесті.

Қоғам қайраткері Қабылбек Сарымолдаев атындағы №9 мектеп жанынан ашылған музей тегін қызмет көрсетеді. Жергілікті жұртшылық мұнда таным көкжиегін кеңейтсе, оқушылар тарихқа тереңірек бойлай алады.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу