Басты Жаңалықтар Қармақшы ауданының диқандары су көп ішпейтін дақылдарды еге бастады

Қармақшы ауданының диқандары су көп ішпейтін дақылдарды еге бастады

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының диқандары биыл суды аз қажет етін дақылдар егуге басымдық беріп отыр. Дүр Оңғар ауылының «Жаңажол» шаруашылығы мал азықтық және бақшалық жерлерді ұлғайтып, суды тиімді пайдаланудың әдісін қолданып жатыр. Тілшіміз Әділбек Серікұлы егіс алқабында болып, шаруалырмен тілдесіп қайтты.

Су тапшылығы салдарынан қармақшылық шаруалар егінді әртараптандыруға көшті. Енді шаруашылықтар тамшылатып суару әдісімен тың жерге алма өсіре бастады. Бүгінде 6 мың түп көшет бой көтерген. Ал күріштік көлемі биыл 600 гектарға қысқарған. Десе де, дала еңбеккерлері оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар егіп жатыр.

Данияр Нұрмағамбетов, бригадир:

Биылғы жылы мал азығы мысалы 70 пайызға дейін көбейді ғой жылдағыдан. Жалпы күріштен қысқарылған жерлерге егілді. Ауыспалы егіс көлеміне келіп отыратын жерлерге де дәндер егіліп, 50 гектар бидай егілді.

Дүр Оңғар ауылы биыл 2,5 мың гектар жерге Сырдың ақмаржанын өсірмек. Бұрын каналды қалың қамыс басып күріштік алқаптарға су жетпей шаруалар әбігерге түсетін. Қазір бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып келеді.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жергілікті шаруашылық суды тиімді пайдалану үшін арық жүйелерін темір-бетонмен жабдықтап жатыр. Бұрын судың 30 пайызы жерге сіңіп кетсе, енді келген суды толықтай егінге пайдалануға мүмкіндік бар.

Жалпы бұл жұмыстар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Енді егістік аумағындағы арық жүйелері мен каналдар кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтпек.  

Төлеу Ералиев, шаруашылықтың бас агрономы:

Егіс алқаптарына былтырғы жылы 600-700 метр жерге латок құрып, су үнемдеудің шараларын істеп жатырмыз. Көп үнемделеді су. Жабайы арықпен жіберген кезде бір сағатта келетін болса ал мынау латок арқылы 15-20 минутта су келеді аяғына.

Ырзық-несібесін жерден тапқан диқаншы қауым осылайша су тапшылығына қарамастан егін шаруашылығын түрлендіріп, суды тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілін тауып, тынбай тіршілік етуде.  


Бөлісу