Qazaqstan Barysy Grand Slam: Ел намысын 53 палуан қорғайды
Осы аптада Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді. Жарыс 8-10 мамыр аралығында болады. Оған 38 елдің 300-ден астам спортшысы қатысады. Олардың арасында Олимпида мен Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Қазақстан дзюдо федерациясы өкілдерінің мәліметінше, әлемдік додада Елдос Сметов, Абиба Абужақынова сынды ұлттық құраманың бірқатар үздік балуаны күреспейді. Жаһандық додаға дайындық барысы туралы Асылбек Даниярдың материалында.
Үлкен дулыға жарысынаның басталуына 4 күн қалды. Ұлттық құраманың татами шеберлері дайындықты күшейткен.
Байрақты бәсекеде ел намысын 53 дзюдошы қорғайды. Арасында Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, дәл осы жарыстың 2023 жылғы чемпионы атанған Мағжан Шамшадин мен Grand Slam, басқа да халықаралық жарыстық жүлдегерлері бар.
Ғұсман Қырғызьаев, Олимпиада ойындарының жүлдегері:
Дайындық жаман емес, жақында ғана Жапониядан оқу-жаттығу жиындарынан келдік. 15
күндей болдық, соны қазір әрі қарай шыңдап жатырмыз. Елімізде өтетін айтулы
додада дайындығымызды пысықтап, тынғылықты дайындалып жатырмыз. Ер кезегі үшке
дейін дейді ғой үшіншісінен алтын алу керек болып тұр бұйырса.
Жанкүйерлер аталмыш жарыста 60, 66 келіде белдесетін жігіттерден жүлде күтетіні, рас. Бұл салмақтарда бәсекелестік жоғары. Айтып отырғанымыз шетелдік емес қазақстандық балуандар туралы.
Мағжан Шамшадин, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
Қарсыластарым тек шетелдік спортшылар мен өзімінің інілерімді, бауырларымды, ағаларымды қарсылас көрмеймін. Енді олар менен рейтингте озып кетіп жатса, жақсы күресіп жатса неге қолдамасақ? Халқыңның қолдауы тұрғанда әке-шешің айқаулап тұрғанда чемпион болуға тырысамыз ғой.
Абиба Абужақынова, Елдос Сметов сында үздіктер биыл да жарыстан тыс қалды. Оған қоса, Grand Slam-да топ жарған Ғалия Тынбаева, 81 келінің үздіктері Абылай Жұбаназар, Әділет Алмат сынды татами шеберлері де қатыспайды. Ұлттық құрама жаттықтырушысының айтуынша, көбісі жарақатын емдетіп жатыр. Жалпы, биылғы яғни төрт жылдықтың соңғы додасында ел намысын қорғайтын құраманың 70 пайызға жуығы жас балуандар.
Қален Қалиұлы, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы:
Күрестің нагрузкасын алған балаларға жаттықтырушылармен кеңесіп, ақылдаса отырып ол балаларды босаттық. Енді Ғалияға келетін болса, Ғалия операция жасатқан болатын, қазір жақсы дайындықта. Абиба қазір денсаулығына байланысты жаттығуды басқаша планмен жасап жатыр. Абибаны да жақын күндері көресіздер.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін додада 3 құрлықтың үздіктері кіл мықтыны анықтайды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. Турнирді «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Айта кетейік, келесі жыл Олимпиада алдындағы соңғы әлем чемпионатын Қазақстан қабылдайды. Біріншілік елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы