Мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есеге артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есеге артады

Мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есеге артады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 2030 жылға қарай екі есеге дейін өседі. Осыған байланысты кәсіпорын жұмысын қайта жаңғыртудың техника эконокомикалық негіздемесі жасалып, мамандардың сараптауына ұсынылды.

Жаңғырту жұмыстарынан соң Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына 12 миллион тоннаға дейін өнім шығарады. Ол үшін тағы бірнеше цех жасақталады. Кәсіпорынның қазіргі аумағы қосымша өндірістік желілерді орнатауға еркін жетеді.

Дастан Шойбеков, Мұнай өңдеу зауыты құрылыс департаменті директорының міндетін атқарушы:

Келешекте қандай мұнай өнімдері қажет екенін техника-экономикалық негіздемеден кейін анықтаймыз. Жоспарда дәстүрлі мұнай өнімдерімен қатар мұнай-химия саласындағы өнімдерді шығару бар. Соның ішінде полипропилен де қарастырылған.

Соңғы жаңғырту жұмысынан соң зауытта шикізат терең өңделе бастады. Өнім Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкестендірілді. Каталитикалық крекинг қондырғысы іске қосылды. Соның нәтижесінде мұнай қалдықтарынан мазут пен газойл алына бастады.

Нұрлан Изенов, цех басшысы:

Ол ауыр қалдыққа жатады. Мазуттан кейін осы қалдықтан жеңіл мұнай өнімдері өндіріледі. Нәтижесінде бензин және аз мөлшерде дизель отыны алынады. Келешектегі жаңғырту жұмыстарының ішінде бұл да қарастырылған. Сондай-ақ тағы бір қондырғы салынбақ.

Өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты тағы 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылмақ. 2028 жылдан бастап мамандарды қабылдау оларды оқыту, тәжірибеден өткізу ісі басталады. Шикізат қорын анықтауға байланысты да жоспарлы жұмыс атқарылуда.

Дастан Шойбеков, Мұнай өңдеу зауыты құрылыс департаменті директорының міндетін атқарушы:

Шикізат қоры жеткілікті. Бізде «зрелый месторождение» дейтін игерілген кен орындары бар. Одан бөлек, Қашаған мен Теңіз сияқты ірі кен орындары бар. 2030 жылға қарай өндірістің 20 пайызын, ал 2040 жылға таман 50 пайызын сол жерден аламыз.

Былтыр кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп, рекордтық көлемде мұнай өңдеді. Нарыққа 6 миллион тонна жанар-жағармай шығарылды. Өндіріс қауіпсіздігі күшейтілді. Өртке қарсы қорғаныс пен газ шығынын анықтау жүйелері іске қосылды. Биыл жасанды интелектіні енгізу бойынша пилоттық жоба сынақтан өтуде.

Бөлісу