Еңбегімен көпке үлгі болған отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбегімен көпке үлгі болған отбасы

03.09.2025

Танымсыз еңбек отбасының берекелі несібесі және ұрпаққа тәлімді тәрбие берудің де үлгісі. Шымкенттік Ұлбосын Қасымханқызы ұзақ жылдан бері фабрикада кілем тоқушы болып еңбек етіп келеді. Соның арқасында еңбексүйгіш перзент өсіріп, көпке үлгілі мерейлі отбасы болып отыр.

Ұлбосын Қасымханқызы күнделікті осылай тікесінен тік тұрып, тоқылған кілемдердің жиегін станокпен өрнектеп шығады. Фабрикада еңбек етіп келе жатқанына биыл 11 жыл. Кәсіпорындағы жіп иіру процесінен бастап дайын өнім шыққанға дейінгі жұмыстың бәрін меңгерген білікті маман. Сондықтан да оны әріптестері құрмет тұтады. Басшылық өзгелерге үлгі етеді. Соған лайық табысы да өзгелерден жоғары.

Ұлбосын Қасымханқызы, тігінші оператор:

Күн сайын 12 сағат жұмыс істейміз. Жұмыс ауыр болғанымен, еңбегімнен ләззат аламын. Өйткені оның рахаты – уақтылы табысым мен әр үйге сыйлап жатқан қуанышымда. Осындай әсем кілемдер әр шаңырақтың қуанышына төселіп жатыр.

Ұлбосын үйге келгеннен соң да тыным көрмейді. Отағасы Қайрат екеуі немерелерін қасына ертіп, үй шаруасын өздері атқарады. Ауладағы бақшаға күтім жасайды.

Қайрат Айқынбаев, жер пайдалану маманы:

Бұл – үлкен немерем. Оған 2-3 қоян алып бергенбіз. Шөбін жұлдырамын, екеуміз бірге су құйдық, қоянға шөп салдық. Міне, осылардың бәрі – еңбек.

Отбасында тәрбиеленген 4 перзенттің үлкендері бүгінде өз алдына шаңырақ құрып, түрлі салада еңбек етуде. Ал отбасының кенжесі Мерей биыл орта мектепті аяқтап, студент атанды. Үздік оқығанының арқасында оқу грантының иегері атанды.

Мерей Қайратқызы, студент:

Ата-анам еңбекқор жандар. Солардың үлгісімен еңбекке үйрендім. Еңбектің арқасында 11 жыл бойы жақсы оқып, грант иегері атандым. Сәулетші мамандығын абыроймен тәмамдап, елге пайдамды тигізсем деймін.

Несібе қай кезде де адал еңбек және қажырлы қайраттың арқасында келеді. Тынымсыз тірлік пен ыждаһатты іс-әрекет адамды абыройға бөлейді. Еңбекқорлық бүгінде Қайрат пен Ұлбосынның шаңырағын нұрландырып, мұратына жеткізіп отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу