Қазақстанның мәдениет және әдебиет халықаралық форумы жұмысын аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның мәдениет және әдебиет халықаралық форумы жұмысын аяқтады

09.11.2018

Лондонда «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиет халықаралық форумы жұмысын аяқтады. Айта кету керек, бұл шара Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар Одағы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өкілдерінің атсалысуымен өтті.

Қазақстандық мәдениеттің әлемдік кеңестікке интеграциялануы - форумның басты мақсаты. Бас қосуға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов жиналғандарды Ұлыбританиядағы ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында Елшілік өткізген және алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралармен таныстырды. Бірнеше сағатқа созылған отырыс барысында Қазақстан мен Ұлбританияның ақын, журналист-жазушылары заманауи қазақ әдебиеті, интеллектуалды ресурсы, әдебиет саласындағы халықаралық ара қатынастың нығаюы, екі елдің кітапханаларының бірлесе жұмыс істеуі жайлы өз ойларын ортаға салып, өзгеде қызықты тақырыптарды талқылады. Мысалы, ағылшын журналист-жазушы Ник Филдинг форум қатысушыларына қазақ халқы және кең байтақ жері туралы жазған британдық авторлар туралы бірегей зерттеу баяндамасын ұсынды.

Ник Филдинг, журналист-жазушы:

- Соңғы 300 жылдан астам уақыт аралығында британдық авторлар қазақтардың мәдениеті мен өмірін, сондай-ақ, Қазақстанның ерекше табиғатын зерттеген. Мысалы, олардың қатарында Томас Аткинсон бар. Аткинсонды қазақстандықтар жақсы біледі, бірақ, көптеген жазушылар ондай деңгейде танымал емес. Сол себепті, бүгінгі презентацияда қалған жазушылар жайлы айтуды жөн санадым.

Бексұлтан Нұржекеев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Біз оларды тану керекпіз және олар бізді тануы керек. Біз оларды бұрыннан білеміз. Әдебиетін, мемлекеттік дәрежесін жақсы білеміз. Қазір тікелей қазақ тілінен ағылшын тіліне аударатын жастар шықты. Бұл арамызда жаңа көпір жасалып жатыр. Сондықтан, бізге мұндай форум өте қажет.

Мәдениет пен әдебиет халықтың ажырамас бөлігі, баға жетпес қазынасы. Бүгінгі форумнан кейін Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы байланыс пен ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.

 

Индира БЕКТЕНОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу