Шымкенттік отбасының еңбегі көпке үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік отбасының еңбегі көпке үлгі

03.09.2025

Тынымсыз еңбек отбасының берекелі несібесі және ұрпаққа тәлімді тәрбие берудің де үлгісі. Шымкенттік Ұлбосын Қасымханқызы ұзақ жылдан бері фабрикада кілем тоқушы болып еңбек етіп келеді. Соның арқасында еңбексүйгіш перзент өсіріп, көпке үлгілі мерейлі отбасы болып отыр.

Ұлбосын Қасымханқызы күнделікті осылай тікесінен тік тұрып, тоқылған кілемдердің жиегін станокпен өрнектеп шығады. Фабрикада еңбек етіп келе жатқанына биыл 11-жыл. Кәсіпорындағы жіп иіру процесінен бастап дайын өнім шыққанға дейінгі жұмыстың бәрін меңгерген білікті маман. Сондықтан да оны әріптестері құрмет тұтады. Басшылық өзгелерге үлгі етеді. Соған лайық табысы да өзгелерден жоғары.

Ұлбосын Қасымханқызы, тігінші-оператор:

Күнделікті 12 сағат жұмыс істейміз. Жұмыс ауыр. Бірақ осы жасап жатқан еңбегімнен рахат аламын. Рахаты сол - уақтылы табысым бар. Осындай әдемі кілемдер әр үйдің қуанышына төселіп жатыр.

Ұлбосын үйге келгеннен соң да тыным көрмейді. Отағасы Қайрат екеуі немерелерін қасына ертіп, үй шаруасын өздері атқарады. Ауладағы бақшаға күтім жасайды.

Қайрат Айқынбаев, жер пайдалану маманы:

Мынау - немеремнің үлкені. 2-3 қоян әпергенбіз. Шөбін жұлдырамын. Екеуіміз суардық, қоянға шөп салдық, соның бәрі еңбек.

Отбасында тәрбиеленген 4 перзенттің үлкендері бүгінде өз алдына шаңырақ құрып, түрлі салада еңбек етуде. Ал отбасының кенжесі Мерей биыл орта мектепті аяқтап, студент атанды. Үздік оқығанының арқасында оқу грантын иеленді.

Мерей Қайратқызы, студент:

Менің ата-анам еңбекқор адамдар. Солардың арқасында еңбек етіп үйрендім. Еңбектенудің арқасында 11 жыл бойы жақсы оқып, грант иегері атандым. Сәулетші мамандығын жақсы аяқтап, елге пайдам тисе деймін.

Несібе қай кезде де адал еңбек және қажырлы қайраттың арқасында келеді. Тынымсыз тірлік пен ыждаһатты іс-әрекет адамды абыройға бөлейді. Еңбекқорлық бүгінде Қайрат пен Ұлбосынның шаңырағын нұрландырып, мұратына жеткізіп отыр.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу