Ресейдің Түмен облысында 300 жылдық тарихы бар дулыға сақтаулы тұр
Ресейдің Түмен облысында 300 жылдық тарихы бар дулыға сақтаулы тұр. Көне жәдігер осы өңірдегі қандастарымызға тиесілі. Атадан мұра болып қалған батырдың бас киімін ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап келеді.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
- Мына дулығаны Таңатқан ақсақал он екінші атамыз Асанның көзі деп балаларына мұра қылып қалдырған. Көп жылдар бойы сандық түбінде жатқаннан кейін біраз жері шіріп, жарамай қалған. Тек былтыр ғана облыстық мұражайға беріп, қайта өңдеткен. Қазір бұл дулыға бір әулеттің мақтанышына айналған.
Александр Құдайбергеновтың айтуынша, олар Қыпшақ руының Күрлеуіт атасынан тарайды. Арғы бабалары Нияз Бұхараның әмірі болған. Ал, «мына дулығаны әкесі көзіңнің қарашығындай сақта» деп аманат етіпті.
Александр Құдайбергенов, Түмен облысының тұрғыны:
- Асан деген атамыз 300 жыл бұрын өмір сүрген. Сол кісі батыр болған.
Тегін жерге тал өспейді. Александр отставкадағы полковник. Екі бірдей соғыстың ардагері. Бүгінде немере-жиендеріне 24 атадан шежіре таратады, бабаларының ерлігі мен ел үшін күрестегі еңбектерін жыр қылып айтады.
Жасұлан Құдайбергенов, немересі:
- Атам да, әкем де офицер. Арғы бабамыз батыр болған кісі. Осындай дулығаның біздің үйде болғаны аталарымның тегін кісі емес екенін білдіреді. Мен де өскенде аталарым сияқты батыр болғым келеді.
Құдайбергеновтер әулеті Түмен жеріне өткен ғасырдың отызыншы жылдары қоныс аударған. Еңбекқор, сөзге берік азаматтар осы жерде тұрақтап, өніп-өсті. Ата дәстүрді берік ұстанған өнегелі отбасының басты ұстанымы - қазақы тәрбиені, ұлттық сананы ұрпақ жадына сіңіру.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы