ШЫҰ саммитінде 20 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ саммитінде 20 құжатқа қол қойылды

01.09.2025

Астана халықаралық қаржы орталығында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының инвестициялық жобаларын сүйемелдейтін арнайы кеңсе ашылуы мүмкін. Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан саммитте Президент осындай бастама көтерді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру керектігін айтты. Қытайдағы басқосуда тағы қандай бастамалар көтерді? Әріптесім Шерхан Жамбылұлы тікелей байланысқа шығып тұр. Шерхан жиында айтылған негізгі мәселелер қандай?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Маңызды мәлімдемелер көп. Әуелі саммиттің өзіне тоқтала кетсек. Тянцзинь төрінде өтіп жатқан жиын ұйым тарихындағы мерейтойлы 25-саммит. Қытай тарапы оған тыңғылықты дайындалған. 20-дан аса елдің басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған 10 шақты халықаралық ұйым жетекшілері арнайы келген. Қазіргі күрделі геосаяси ахуал уақытында бұл басқосуға әлем елдері көз тігіп отыр. Маңызды жиыннан ақпарат тарату үшін бізбен қоса алғанда 3 мыңға жуық журналист келген. Саммитте бірінші болып Қытай төрағасы Си Цзинпинь сөз сөйледі. Ол ұйымды дамытуға арналған негізгі 5 қадамды ұсынды. Сонымен қатар бірлестік елдеріне 150 млрд теңге көлемінде грант бөлінетінін айтты. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді әрі ықпалды халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұған бірнеше себеп бар. Ұйымның басты қағидаты «Шанхай рухы» деп аталады. Яғни өзара сенім мен пайдаға, теңдік пен құрметке және ортақ даму қағидатына негізделген. Әр шешім тек консенсуспен қабылданады. Осылайша барлық елдің пікірі ескеріледі. Бұл негізгі фактор. Жалпы ширек ғасырда «бестіктен» «ондыққа» айналған ұйым қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3, 5 млрд-қа жуық адам тұратын ауқымды нарық. Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың үштен бірі, сауда айналымының 15 пайызы тиесілі. Осындай экономикалық әлеуеті, адами ресурсы мен саяси салмағы бар ұйым әлемде қалыптасқан ахуалға ықпал етуге мүдделі. Ал жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды мәселе қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Терроризм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон мен киберқылмыс және басқа да ел іргесін шайқайтын қауіпті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұған баса назар аударған жөн. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Президент бұл бағытта Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңеспен іскерлік байланысты күшейту керек деді. Бұдан бөлек сауда-саттықты арттыру жолдары айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 млрд долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне де назар аударды. Президент сөзінше жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы әлемде көш бастай алады. Сондықтан Қытайдың осы бағыттағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысына қолдау білдіріп, маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз деді. Саммит қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды. Толығырақ кешкі 8-де тарқатып айтамын.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу