XXI «Шабыт» фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XXI «Шабыт» фестивалі басталды

07.11.2018

Жастар арасындағы ең беделді халықаралық байқау «Шабыт» фестивалінің байрағы көтерілді.  Осы аптада алыс-жақын шетелдерден келген жүздеген өнерпаз астанада өзара мықтыны анықтайды. Биылғы байқау елорданың 20 жылдық мерейтойына орай ұстырылып отыр. 

Бұл осыдан тура 20 жыл бұрынғы кадрлар. 1998 жылдың қазан айы, алғашқы «Шабыт» фестивалінің ашылуы. Оған Мемлекет басшысының өзі қатысты. Содан бері шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалі Астанамен бірге жасап келеді. 20 жылдан асса да, байқаудың мазмұны мен мақсаты өзгермеген.

Төлеген Мұхамеджанов, қоғам қайраткері, композитор:

- 20 жыл бұрын дәл осындай күні біз алғашқы «Шабыт» фестивалін аштық. Оны ашып берген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Міне, 21 жыл бойы «Шабыт» фестивалі өмір сүріп келе жатыр.  

Фестивальдің аясы кең. Мысалы, биыл 5 негізгі аталым, оның ішінде салалық номинациялар бар. Апта соңына дейін классикалық және халық музыкасының шеберлері, эстрадалық әншілер мен мың бұралған бишілер арасында үздіктер анықталады. Конкурс аталымдары өзгеріп отырады. Биыл мысалы, бәйгеге тілшілер де түседі.

Линара Ұдасова, қатысушы:

- Меніңше, ол өте дұрыс. Себебі, журналистика тек қана жұмыс емес, ол да өнердің бір саласы деп ойлаймын. Астананың 20 жылдығына орай көптеген фильмдер түсіргенбіз. Соның біреуі осы байқаудың 2 кезеңіне өтті.

Халықаралық байқауда бағын сынауға алыс-жақын шетелдерден де жүздеген өнерпаз жиналды. Үздіктерді әр саланың беделді мамандарынан тұратын төрешілер анықтайды. 16 мен 35 жас аралығындағы шығармашыл жастардың байқауы апта аяғында салтанатты кеште қорытындыланады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу