«Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобаға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобаға айналды

27.08.2025

Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі. Былтыр оның 26 пайызы ғана қайта өңделген. Саланы дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында 346 млрд теңге бөлінді. Жалпы, акция басталған сәттен 1 млн 600 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

«Таза Қазақстан» жобасының негізгі бағыттарының бірі – көгалдандыру. Еліміздің орман қоры 1 млрд 369 млн көшетке толықты. Арал теңізінің құрғап қалған табанына 48 млн сексеуіл егілді. Акцияға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысып жүр. Мәселен, Ақтөбе облысында жыл басынан 275 мың адам сенбілікке шыққан.

Артур Әзиев, «Жасыл ел» еңбек жасақтары штабы төрағасының орынбасары:

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді халқымыз. Ақтөбеде 4-5 бұлақты тазаладық. Сондай-ақ су қоймаларын, Қарғалы мен Елеу өзендерінің жағалауларын қоқыстан арылтып, әктеу және сырлау жұмыстарын жүргіздік.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 900 шара өткізілді. 5 мыңнан астам ерікті қоршаған ортаның тазалығына үлес қосты. Сонымен қатар жастар жалғызілікті қарияларға қолғабыс етіп жүр.

Дариға Смайылова, СҚО «Ассамблея жастары» өнірлік өкілдігінің басшысы:

Әртүрлі форматта экологиялық акциялар өткізілді: квест, мастер-кластар, тренингтер және сенбіліктер. Бұл шараларға қатысушылардың саны күн санап артып келеді десе болады.

Тұжырымдама тұрғындардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және экологиялық мәселелерді шешуге қатысуға бағытталған.

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді көрсеткішін көбейту көзделіп отыр. Саланы дамыту мақсатында 67 жоба мақұлданып, 346 млрд теңге бөлінді.

Жомарт Әлиев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысқысы келген кәсіпкерлер бизнес-жоба әзірлеп, Экология министрлігі жанындағы инвестициялық штабқа жолдай алады. Оның қажеттілігі сарапталып, қаржылық бағалау жасалады. Жобалар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе бекітіледі. Келер жылы қоқыс өңдейтін нысандар іске қосылады.

Жалпыұлттық жоба қабылданған сәттен бері 900 мың гектар аумақ тазартылды. Акцияға 10 млннан астам адам қатысты.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу