Атыраулық қолөнер шебері өз үйін көркем туындылар көрмесіне айналдырды
Атыраулық тұрғын өз үйін көркем туындылар көрмесіне айналдырды. Көрмеге қолынан шыққан бұйымдар мен түрлі картиналар қойылған. Баспанада аң терісінен дайындалған тұлыптар да баршылық. Шығармашылық иесі өңірде өнер адамдарына арналған орталықтың болғанын қалайды.
Қалымбек Жұмашевтің шығармашылықпен айналысқанына 30 жылдан асты. Қалада көрме орталығы жоқ болған соң, туындыларын үйіне қоюға мәжбүр. «Сол себепті бекзат өнер халықтың назарынан тыс қалып келеді», дейді.
Қалымбек Жұмашев, қолөнер шебері:
Галереямыз, көрме залымыз жоқ. Өте қиын жағдай болып тұр. Аэропорттың трассасында кезінде монша деп салынған нысан тұр. Сол беріледі деген әңгіме болып еді, шешілсе жақсы болар еді. Ол жерге халық та келеді. Мына жұмысымды интернетке шығарып едім, бір әйел маған «Неге құсты өлтіресің», деп жазып жіберіпті. Мен оған «ол өліп қалған, мен оны керісінше тірілттім, екінші өмір бердім», деп жауап жаздым.
Шебер аң мен құстың терісінен тұлып жасайды. Бұл технологияны терең меңгерген. Оның айтуынша, таксидермия - жануарды өлтіру емес, керісінше, өлексені кәдеге жарату.
Түрлі жанрды меңгерген бесаспап азаматтың 300-ден астам туындысы бар. Көпшілігі шетел асқан. Солардың ішінде шоқтығы биігі «Атырауға тән қара төрт бұрыш» картинасы.
Жандос Темірғалиев, тілші:
Картина әйгілі суретші Малевичтің туындысының негізінде салынған. Байқап қарасақ, қара түйіршіктер қара уылдырықты білдіреді. Мұнымен суретші экологиялық ахуалдың ақсап тұрғанын, сондай-ақ, қара уылдырықтың азайып бара жатқанын көрсеткісі келген.
Суретшінің өнерін қолөнер шеберлері де жоғары бағалайды. Олар асқан талғампаздықпен жасалған туындылардың өзіне тән қайталанбас ерекшелігі барын айтады.
Нұрсұлтан Қалиев, ағаш шебері:
Теріні ұзақ сақтауға арналған технологияны жақсы меңгерген.
Қылқалам шебері алдағы уақытта шығармашылығына жаңа леп әкелуді көздейді. Әрі кенже қалған тұлып жасау кәсібін де жандандырмақ ойда.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы