Елімізде коммуналдық жүйе кезең-кезеңімен жаңартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коммуналдық жүйе кезең-кезеңімен жаңартылады

25.08.2025

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін сала. Президент бұған дейін өз Жолдауында осы бағыттағы кемшіліктерді атап, жүйелі өзгеріс енгізуді тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 15 шілдеде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты заңға өзгерістер енгізілді. Жаңартылған заңнан халық қандай нәтиже күтеді? 

Заңға енгізілген өзгерістер халыққа сапалы қызмет көрсетуді және коммуналдық жүйелерді кезең-кезеңімен жаңартуды көздейді, дейді жауапты министрлік өкілдері. Сондай-ақ жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе пәтер иелері үшін жаңалық көп.

Қаби Қарахан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы:

КСК құрылғанда немесе басқарушы компания тартылғанда әр үйдің жеке есепшоты болады. Мысалы, КСК-да 10 үй болса, әрқайсысының өз есепшоты бар деген сөз. Яғни, КСК-ның жұмысы көңіліңізден шықпаса, кез келген уақытта шығып, өз қаражатыңызды алып, басқа ОСИ-мен немесе басқарушы компаниямен жұмыс істей аласыз.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер ең алдымен тарифтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қаржыны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.

Диляра Сейітнұрова, ҚР Құрылысшылар одағының мүшесі:

Тарифтерді тұрғындардың өздері бекітеді. Олар қала немесе өңір бойынша белгіленбейді. Мысалы, тұрғындар жиналыста дауыс беру арқылы шешім қабылдап, сол шешім хаттама негізінде тариф ретінде енгізіледі.

Жаңартылған заңның тиімділігі – уақыт еншісінде. Дегенмен халықтың басты талабы – әділ тариф, сапалы қызмет пен ашықтық. Өзгерістерден тұрғындар үлкен үміт күтеді.

Жаңа заң аясында алда тұрғын үйлердің инженерлік желілері жаңартылып, басқару жүйесі ашық болады деп жоспарланған. Бұл – әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қадам, дейді сала мамандары. Заң 18 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу