Биыл Астана қаласы бойынша 2600-ден астам адам алаяқтарға алданған. Полиция қызметкерлері зейнет жасындағы азаматтардың алдануы жиілегенін айтып отыр. Тіпті мүлкін де қаскөйлерге аударып бергендер бар. Қазір алаяқтықтың қандай әдіс-тәсілдері белең алып жатыр? Нені ескеру керек?
72 жастағы астаналық зейнеткер 2 бірдей пәтерін сатып, түскен қаражатты алаяқтардың шотына аударған.
Қала тұрғыны:
Таңертең емханаданбыз деп хабарласты. Тіпті тіркелген, ем қабылдап жүрген учаскемді де айтты. Рентгенге кезекке тіркеу үшін тез арада 1414-тен келген кодты айтыңыз деді. Ойланып жатуға мүмкіндік болған жоқ. Артынша eGov-тан хабарласты. Біреуге код айттыңыз ба, неге айтасыз. Олар – алаяқтар. Енді шотыңыздан ақша шешіп алады деді. Артынша құқық қорғау органдарынан хабарласқан болды. Осылайша, бірінен соң бірі есті шығарып, барлық айтқандарын қалай істегенімді білмей қалдым. Қазір арыз жазып, ақшаны қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Мен сияқты алданған қариялар көп екен. Біз айтуға ұяламыз. Бірақ айту керек. Менің оқиғам бәріне сабақ болсын.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбіне егде жастағы кісілер қаскөйлердің арбауына түсіп қалады. Жалпы алаяқтықтың кең тараған 2 түрі бар. Біріншісі – онлайн-сауда. Яғни төмен бағаға тауар сатып, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Екіншісі – шетелдік нөмірлерден, яки WhatsApp желісі арқылы қоңырау шалып, өзін ұлттық қауіпсіздік комитетінен, банктен, құқық қорғау органдарынан деп таныстырады. Тіпті жасанды интеллект көмегімен дауысы мен бет-әлпетін өзгертеді.
Бауыржан Жасболатов, Қалалық ПД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі:
Онлайн-интернет арқылы сауда жасап, орта есеппен 20-30 мың теңгеден бастап, 500 мыңға дейін алданады. Банк қызметкерімін деп, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерімін деп хабарласқанда 500 мыңнан миллиондаған қаражатқа алданады.
Былтырғы жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық фактісі 16%-ға төмендеген. Яғни биыл Астана қаласы бойынша 2600 жағдай тіркелсе, былтыр 3200 арыз түскен. Бірақ мамандар халықтың цифрлық сауаттылығын әлі де арттыру қажет дейді. Өйткені алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілдері де көбейіп барады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Гүлфар Артықбаева, ҚҰБ Қауіпсіздік департаментінің жетекші маманы:
Ұлттық банк ескертеді: онлайн-сервистер мен мобильді қосымшаларды қолданатын алаяқтар көбейіп кетті. Қаскөйлер логин-пароль, банк картасы деректерін қолға түсіру үшін фишинг сайттарды, қауіпті сілтемелер мен QR-кодтар қолданады. Дербес деректерді ұрлау үшін адамдарды ұтыс ойыны, конкурс немесе сауалнамаға қатысуға шақырады. Кибер қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін есте сақтаңыз. Банк картасының деректемесі мен құпиясөзді ешкімге бермеңіз.
Алаяқтардан сақтанудың ережесі қарапайым. Деректеріңізді үшінші тұлғаға айтпаңыз. Оңай ақша табуға келіспеңіз. Күдік туған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына, 102 нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жаңа бабына сәйкес, деректеріңізді таратуға, пайда табу үшін ақша аударымдарын жүзеге асыруға тыйым салынады.
Ақниет Балтанова
