Басты Жаңалықтар Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

«Қазақты сүю». Осындай тақырыппен белгілі публицист, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлының шығармашылық кеші өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаламгердің 50 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

Өз талантын құлқынның құлынан жоғары қою. Бұл зерделі сыншы, қаламгер Амангелді Кеңшілікұлына тән қасиет. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты бір ғұмырдың орта жасына келді. Кешінің атын «Қазақты сүю» деп қоюы да бекер емес. Өйткені, ол ұлтының баласы, ол халқының жанашыры.

Амангелді Кеңшілікұлы, публицист, көркем әдебиет сыншысы:

- Ең алдымен біз өз ұлтымызды сүюіміз керек, содан кейін ғана біз басқа ұлтты сүйе аламыз.

«Атадан бала тусаңшы, ата жолын қусаңшы». Амангелді ағаның әкесі Кеңшілік Мырзабеков қазақтың дарынды, көрнекті ақыны еді. Әкесінің ізін абыроймен жалғастырып жүрген ұлдың «Ақ жауын», «Қарлығаш-дәурен», «Жүрек сөзі», «Қазақты сүю», «Рух жыры», «Сөз патшасы», «Адамзаттық аманат», «Талант табиғаты» сияқты зерттеулері мен эсселері бар.

Сырлы сыншыны арнайы алғыс хатпен марапаттаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Амангелді Кеңшілікұлы қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер екенін айтты.

Төрт жобаның өз игілігі бар. Бірінші жоба ақын-жазушыларды ынталандыру үшін байқау ұйымдастырылады. Екінші жоба Жазушылар одағымен бірлесіп партияның телеарнасында арнайы бағдарлама дайындалады. YouTube-те канал ашылып, көркемдік дүниелер ұсынылса, төртіншісі, қайта жаңғыртылатын кітапханаларда арнайы клубтар құрылады. Бұл партия ақын-жазушыларға деген құрмет, қолдау. Ал, мерейлі 50 жылға келіп өнегелі өмір өрнегімен өзгешеленген Амангелді Кеңшілікұлы қошеметке бөленді.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу