Қазақстанның «Алтыншы бекет» фильмі ресейлік прокатқа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның «Алтыншы бекет» фильмі ресейлік прокатқа шықты

19.10.2018

Мәскеу қаласындағы кинотеатрлардың бірінде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен «Алтыншы бекет» деп аталатын қазақ фильмінің премьерасы өтті. Оған көрші елде оқып жатқан студенттер, әскери оқу орындарының курсанттары және дипломаттар қатысты.

«Алтыншы бекет» – өмірде болған оқиғаның желісімен түсірілген туынды. Фильмнің басты кейіпкері 2010 жылы еліміздегі түрмелердің бірінен қашқан қылмыскерлерді жалғыз өзі тоқтатып, ерлік көрсеткен 18 жасар сарбаз Ербол Отарбаев. Картина авторларының айтуынша, қазақ жауынгерлерінің имиджін көтеріп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін мұндай филмьдерді, алдағы уақытта да көптеп көрсету керек. Қазақстанда 15 наурызда прокатқа шыққан «Алтыншы бекет» фильмі, енді Ресейдің 24 қаласында көрсетіледі. Сонымен қатар, келешекте бұдан өзге де қазақстандық туындыларды ресейлік кинонарыққа шығару жоспарланып отыр.   

Жандос Жұмағұлов, актер: 

- Қазіргі кезде мұндай фильмдер Қазақстанда міндетті түрде түсірілуі керек деп ойлаймын. Өйткені, жастардың ойын түбегейлі өзгерту керек. Қазақстан мемлекетін қорғауға, отаншылдыққа, патриотизмге шақыратын фильмдерді көбірек түсіру керек.

Мейіржан Сағидоллаев, РФ Қорғаныс министрлігі әскери университетінің курсанты:

- Мәскеу қаласында бізге қатысты әскери фильмнің болғаны өте қуанышты. Бұл жерде тек әскери адамдарға қатысты емес, барлық осында оқитын студенттерге, Қазақстан азаматтарына керек. Олардың бәрі осы фильмді көріп, өзінің Отанға деген сағынышын, мауқын басып қалады деген үміттемін.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу