«Еркебай» фильмі прокатқа шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еркебай» фильмі прокатқа шығады

13.03.2024

Ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Еркебай» фильмі прокатқа шығады. Наурыздың алдында тұсауы кесілгелі тұрған туындыны отбасыңызбен бірге көре аласыз. Бір үйдің жалғыз ерке баласы рөлінде ойнайтын Еркебай баскесерлерге тұзақ құрып, көрерменді күлкіге қарық қылады.

Шым-шытырыққа толы «Еркебай» фильмінде бай баласының бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Вирус пен қоршаған ортаның зиянынан қорыққан ата-ана жалғыз ұлын үйден шығармай өсіреді. Дегенмен әкесінің ақшасына қызыққан баскесерлер 9 жасар Еркебайды үйден ұрлап әкетеді. Сюжеттің кульминациясы дәл осы жерде өрбиді. Айтпақшы, басты рөлді көптің көзайымына айналып үлгерген жас актер Расул Ғалымұлы сомдаған.

Расул Ғалымұлы, актер:

Бұл ерекше кинолардың бірі. Өйткені «NOMAD» каскадерлері болды, мен олармен өмірімде бірінші рет жұмыс істеп көріп жатырмын. Сол үшін маған ұнады. Мен бұған 10/10 деген баға беремін, мүмкін 10 нан 100 деген, күнде жаңа жылда «Один дома» фильмін көреміз ғой, сол кезде мен тілегенмін маған осындай бір рөл берілсе екен деп.

Иә, бұл фильм Жыл басы – Наурыз мерекесіне орай түсірілген отбасылық комедия. Фильмнің күрделі сахналарын қазақстандық «NOMAD» каскедерлер тобы орындаған. «Туынды арқылы әлемге қазақтың тұмса табиғатын тағы бір паш етеміз», - деп отыр продюсер Жадыра Сқабыл.

Жадыра Сқабыл, продюсер:

Осы фильмді біз әдейі қазақтың жаңа жылында шығаруға ыңғайлап 14 наурызда тұсауын кесейін деп жатырмыз. Барша көрермендерді отбасымен бірге жаңа туындымызды көруге шақырамыз. Бұл фильм тек қана біздің Қазақстанды ғана бағындырмайды, Голливуд деңгейіне шығамыз деген ойдамын.

Фильм Алматы облысының тау бөктерінде түсірілген. «Киноны көрген әр көрермен осында демалуға келгісі келетіні анық», - дейді шығармашылық топ. Сондай-ақ, олар режиссер Ернар Нұрғалиевтың «Еркебай» отбасылық комедиясын көрген көрерменнің көтеріңкі көңіл күймен шығатына сенімді.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу