Бүгін қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, танымал композитор Әбдірахман Асылбек 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ел жүрегінде жаттаулы, сана сарайында қаттаулы «Желтоқсан желі», «Жар-жар» сияқты әндердің сөзін жазған шайырдың шығармашылығы өзгелерден ерекше еді. Бұдан бөлек, лирика, сатира жанрына қалам тартқан ақын 80 жылдық ғұмырында 1000-ға жуық әнге сөз жазып, 30-дан астам жыр жинағын шығарған.
Бұл - Әбдірахман Асылбектің Ұлттық арнаның Алтын қорында сақталған жарқын бейнесі. Артында мол мұрасы, таусылмас қазынасы қалған ақын жүрегі бүгін мәңгілікке тоқтады. «Өзі өлгенімен, сөзі өлмейтін» талант иесі әдебиет мен мәдениетке ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Қазақ руханиятында, әсіресе, ән өнерінде өшпес ізі қалды.
Бахыт Беделхан, ақын:
- Әбдірахман ағамыз ұлт әдебиетіне ұлы жол салған тұлғалардың бірі болып қалады. Өзі де артық-кем әңгімесі жоқ, жұрттан оқшаулау, бөлектеу, әндері, шығармалары сияқты қарапайым жағдайда өмір сүрді.
Бүкіл қазақтың рухын оятқан «Желтоқсан желі» әні - осы. Естіген жүректі еріксіз тебірентетін бұл әннің сөзі Әбдірахман Асылбектікі. Бұдан басқа, қазақтың үйлену тойында орындалатын «Жар-жар» әнінің сөзі де ақын қаламынан туған.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық әртісі:
- Інілерім мен әріптестерім жақсы болса екен деп тұратын ақ адал, ізгі ниетті адам еді. Қайтеміз енді, арамыздан алып кетті.
Талай композитор мен әншінің орындауында ел есінде қалған Әбдірахман Асылбектің 300-ден астам шығармасы қазір «Қазақ радиосының» алтын қорында сақтаулы.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Әбдірахман ағамыз өмірінің ақырғы күніне дейін еңбектеніп кетті. Ақырғы тынысы таусылғанша өлең, жыр жазды. Осыдан он шақты күн бұрын телефон шалып, денсаулығын, хал-жағдайын сұрап жатқан кезде «кітабымды аяқтап жатырмын» деген.
Қаламгердің соңғы еңбектерінің бірі Құранды қазақша тәпсірлеп, аяттарын өлеңмен жеткізуі еді. Бұл қазақ әдебиетінде бұрын ешкім түрен салмаған жаңа форма. Ақырғы демі үзілгенше өлең мен өнерге адалдығын аямаған ақын ұрпағына «Аманат» атты жыр жолдарын да қалдырып кетіпті.
Ақынмен қоштасуға арналған қаралы жиын ертең сағат 10-да Алматыдағы Жазушылар одағында өтеді. Ал, сүйегі өсиеті бойынша туған жері Жамбыл облысы Тараз қаласындағы Тектұрмастың топырағына жерленеді.
Амангелді СЕЙІТХАН