Қасым Аманжолов атындағы мүшәйраның бас жүлдесін Жәнібек Әлиман иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым Аманжолов атындағы мүшәйраның бас жүлдесін Жәнібек Әлиман иеленді

17.10.2018

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Бұған дейін бұл жыр додасы тек облыстық деңгейде ғана өткізілетін.

Шараның мақсаты - Қасым Аманжолов мұрасын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, дарынды жастардың танылуына ықпал ету. Биыл еліміздің барлық өңірінен 18-40 жас аралығындағы 70 үміткер бақ сынап, соның ішінен қазылар шешімімен 17 қатысушы іріктелді. Ережеге сәйкес, үміткерлер Қасым Аманжоловқа арнау, «Рухани жаңғыру» тақырыбы және еркін тақырыпқа, барлығы 3 өлеңнен ұсынды. Қазылар алқасы шығармаларда тақырыптардың ашылуын, өлеңдердің көркемдік сапасы мен стильдік қолтаңбаларының ерекшеленуін ескеріп, жүлдегерлерді анықтады. Бас жүлдені қарағандылық талантты жас ақын Жәнібек Әлиман иеленді.

Жәнібек Әлиман, бас жүлдегер:

- Мұқағалидің өзі «Қасым деген қалғыған жанартау ғой, жанартау ғой, жанды да, кетті өртеніп» деп айтып кеткен. «Жыр сапарға аттанған адам болса, сөредегі Қасымды есіне алсын», - дейді. Қалам ұстаған қаламгер, мейлі, ол ақын болсын, барлығы Қасымды үлгі тұтады. Осы Қасымнан қалған жыр легін жалғастыра алсақ, ол біздер үшін үлкен мәртебе.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу