Ұлттық қолөнерді ұлықтаған ісмер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қолөнерді ұлықтаған ісмер

16.08.2025

Тігіншілік төзімділік пен тиянақтылықты талап етеді. Асқан ыждаһаттылықпен құрақ құрап, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жетісулық ісмер осылай дейді. Ширек ғасыр тігіншіліпен айналысқан шебер қажырлы еңбегінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. «Еңбек адамы» жайлы әріптесім Дамир Нұрмұхамет баяндайды.

Шынар Онжанова көрпе, жастық, қыз жасауына арналған дүниелермен қоса, тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды тігеді. Ісмерді қолөнерге баулыған алғашқы ұстазы – өзінің әжесі.

Шынар Онжанова, шебер:

Бұл өнер атамнан, апамнан келді десем болады. Ата-әжем бұрын осы қолөнермен айналысқан…

Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер осыдан екі жыл бұрын Қытайда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. Ал былтыр Көшпенділер ойындарында бұйымдарын көрмеге қойып, көпті тамсандырды. Сондай-ақ бірнеше мәрте «Аламан құрақ» жобасына да қатысып, 660 шебермен мың жарым метрге жуық құрақ көрпе тіккен.

Қазақтың дәстүрін жаңғыртып, халықтың мәдени мұрасын дәріптеп жүргендердің бірі – Назгүл Мендиярова. Ол бала жастан ине ұстап, тігін тігеді. Соңғы он жылда өз кәсібін дөңгелетіп үлгерді.

Назгүл Меңдиярова, шебер:

Құраққа деген махаббатым түстерді үйлестіруден басталды. Құрақтың өзі үлкен тәрбие, мәдениет. Көз тимесін деген құрақтар болады. Төрт құбылаң тең болсын дейді. Мен ойлаймын қазіргі аналар барлығы құрақ құраса екен деп.

Жетісулық шеберлер алдағы уақытта кәсіптерін үлкейтіп, жастарды жұмыспен қамтуды көздейді.

Дамир Нұрмұхамет


Хабарламаларға жазылу