Басты Жаңалықтар Қарағандыда Арқайым даласының мәдениеті жайында көрме ашылды

Қарағандыда Арқайым даласының мәдениеті жайында көрме ашылды

Қарағандыдағы тарихи-өлкетану мұражайында Арқайым даласының мәдениеті жайында көрме ашылды. Бұл - біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтар еншісіндегі археологиялық ескерткіштердің фотокөрмесі. Ресейден келген ұйымдастырушылар осы шара арқылы қос елдің көне мәдениетіндегі ұқсастықтарды насихаттауды мақсат еткен. Көрме бұған дейін Алматыда өтіп, оны 4 мыңнан астам адам тамашалаған. Алдағы уақытта Павлодар және Астана қалаларына да апарылады. Жалпы, Арқайым мәдениетінің зерттеле бастағанына биыл - 30 жыл. Сайын даланың құпиясын алғаш профессор-археолог Заданович зерттеген. Белгілі ғалымның өмірі Қарағанды өңірімен тығыз байланысты. Ол көп жылдар осы кеншілер өңірінде тұрған.  

Юрий Зуйков, «Арқайым» фотокөрмесінің жетекшісі:

- Фотокөрмеде Арқайым даласында жасалған археологиялық қазба жұмыстары, сондай-ақ, тарихи ескерткіштердің қазіргі жай-күйі туралы мол мағлұмат алуға болады. Ол үшін ұшақпен жоғарыдан түсірген суреттерді де көрмеге қойып отырмыз. Бұған қоса, сол өлкенің табиғатына қатысты фотоларды да жұртшылық назарына ұсындық. Себебі, көрмеге келушілер Арқайым даласының табиғатын көз алдына елестету арқылы ондағы көне мәдениетті жақынырақ түйсінеді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу