Мұғалім құқығын қорғау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалім құқығын қорғау күшейеді

15.08.2025

Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Елордада өткен республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімнің құқығын қорғау мәселесіне жеке тоқталды. Оны жіті қадағалау прокуратураға жүктеліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласына қатысты бес басымдықты атады. Әуелі білім сапасын жақсарта түсу қажет. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек.

Екіншіден білім мен тәрбиені қатар дамыту қажет. Биылдан бастап еліміздің барлық мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Президент бұл жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынды. Сонымен қатар мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуы тиіс. Осылай деген Президент зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керектігіне де тоқталды. Білім саласы заманауи технология көшінен де қалмауы керек. Оқу үдерісіне цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу жаппай қолға алынбақ. Барлық мектеп жылдам интернетке қосылып, оқушылар электронды оқулықпен қамтамасыз етіледі. Балаларға жасанды интеллект негіздерін жастайынан үйрету жоспарланған.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу