Басты Жаңалықтар Мәскеу метрополитенінде қазақ суретшісі Шыңғыс Ноғайбаевтың көрмесі ашылды

Мәскеу метрополитенінде қазақ суретшісі Шыңғыс Ноғайбаевтың көрмесі ашылды

«Метродағы кездесу». Осындай атаумен Мәскеу метрополитенінің «Воробьевы горы» станциясында қазақ суретшісі Шыңғыс Ноғайбаевтың көрмесі ашылды. Жолаушылар күнделікті жүріп-тұратын станция платформасының ортасына қылқалам шеберінің 150-ге тарта графикалық туындылары қойылды. Гротеск стилінде қарындашпен салынған картиналардың басты кейіпкерлері – Мәскеу метросының жолаушылары. Сондықтан, суретшінің соңғы 2 жылда салған бұл еңбектерінен, мәскеуліктер өз бейнелерін кездестіруі мүмкін. Себебі, туындыдағы адамдар күнделікті өмірден алынған шынайы образдар. Қазір Ресей астанасында білімін шыңдап әрі оқытушылық қызметпен айналысып жүрген Шыңғыс Ноғайбаевтың айтуынша, «үлкен шаһарларда метро деген өзінше бір жеке әлем». Сондықтан, ол жерден түрлі жастағы, әрқилы көзқарастағы адамдарды кездестіруге болады. Мәскеу метрополитені мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған бұл көрме, осы айдың соңына дейін өтеді.  

Шыңғыс Ноғайбаев, суретші:

- Бұл тақырыпта суреттер салуыма Мәскеу метросындағы «Алматы» станциясы түрткі болды. Өйткені, Ереван немесе Тбилиси деген станция жоқ, ал, Алматы деген атау бар. Мен оған әрине, қуандым. Сондықтан, күнделікті метромен жүріп-тұратын қарапайым жолаушылардың бейнесін сала бастадым. Соңғы суреттер осы 2018 жылы салынған.

Юлия Темникова, Мәскеу метрополитені бастығының орынбасары:

- Мұндай форматтағы көрме Мәскеу метросында тұңғыш рет өтіп жатыр. Себебі, біздің жолаушылардың портреттерін бұған дейін ешкім салған емес. Сондықтан, біз бұл идеяны қуана қабылдадық. Жалпы, «Воробьевы горы» - Мәскеу метрополитеніндегі көрнекті станциялардың бірі. Бұл жерден күн сайын 12 мың адам өтеді. Енді олар қазақ суретшісінің жұмысын тамашалай алады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу