Интернет-алаяқтық: Елімізде жыл басынан бері 13 800 дерек тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет-алаяқтық: Елімізде жыл басынан бері 13 800 дерек тіркелген

12.08.2025

Интернет-алаяқтарға алданғандар саны күн санап артып барады. Елімізде жыл басынан бері 13 800 дерек тіркелген. Тұрғындардың шығыны миллиондап емес, миллиардтап саналады. Мамандардың айтуынша, халықтың көбі әлі күнге дейін интернеттегі, телефонындағы жеке деректерді қорғау жолдарын біле бермейді. Соның салдарынан алаяқтарға жем болып жатады.

43 жастағы Сәния күні кеше интернет-алаяқтарға алданып, 2 миллион теңгесінен айырылған. Алыс ауылда тұратын келіншек әлеуметтік желі арқылы Түркиядан тауар сатып алмақ болған. Алайда онымен хабарласқан адамдар жүк ішінен күмәнді заттар табылғанын айтып, қорқытқан. Мәселені шешу үшін ақша сұраған.

Сәния, тұрғын:

Қайырымдылық қорымен айналысамын, сізге артық зат салдым деді. Халықаралық төлем төленді, енді жергілікті төлемді төлейсіз, яғни маған 528 мың төлейсіз деді. Үш сағаттан кейін қайта хабарласты, видео жіберді, сіздің затыңыздың ішінен 30 мың доллар шықты, сіз алаяқсыз, шет елден ақша алдырып отырсыз. Сізді қамауға адам барады деп, мені қатты қыспаққа алды.

Интернет-алаяқтар тұрғындарды алдап, ақшасын жымқырудың жаңа әдістеріне көшкен. Қазір ең көп таралған түрі – 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберу. Сол арқылы жеке мәліметтерді беруді, операцияларды растауды сұрайды. Әдетте оның соңы банк шотындағы қаржының жоғалуымен аяқталып жатады. Тек осы жылы Ақтөбе облысында осындай 626 дерек тіркелді. Шығын 1,4 млрд теңгеден асқан.

Жәнібек Шағыров, Киберқылмысқа қарсы басқарманың жедел уәкілі:

Whatsapp желісі ақша сұрау, инвестиция, инстаграмм арқылы зат беру, ОЛХ, «Koleso», «Krisha» платформаларында алдын ала төлем беру деген көптеген түрлері бар. Ешқашан өзіңіздің мәліметтерді, кодтарды айтпауыңыз керек. Полиция, ҰҚК, банк қызметкерлері сізге хабарласса, ол – алаяқ. Соны түсіну керек.

Өкініштісі - интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстар соңғы бір жыл ішінде 17 пайызға өскен. Мұндай заң бұзушылықтардың тек 26 пайызы ғана ашылады. Әсіресе әрекетін шет елдерде отырып жасайтындарға тұсау салу қиын. Сондықтан халықтың интернеттегі, телефондағы жеке деректерін қорғаудың қарапайым тәсілдерін білгені жөн.

Интернет-алаяқтардан қорғану жолдары:

1. Сенімді құпиясөз пайдаланыңыз. Оны бірнеше жерде қолданбаңыз;

2.Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Бөгде біреулерге жеке мәліметтеріңізді ешқашан айтпаңыз;

3. Күдікті сілтемелерге өтпеңіз;

4. Қоғамдық орындардағы Wi-Fi желілерін қолданып, банк қосымшалары мен маңызды аккаунттарды ашпаңыз;

6. Құрылғыны үнемі жаңартып отырыңыз;

7. Құпия деректерді, паспорт, банк карталарының мәліметтерін ашық файлдарда сақтамаңыз.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

Интернет желісіндегі күмән тудыратын сайттар, интернет ресурстар бұғатталуда. Ақпарат ретінде, бүгінгі күні 29 мыңға жуық интернет ресурс бұғатталды. ҚР Ұлттық банкімен бірлесе антифрод жүйесінің жұмысы бойынша ағымдағы жылы 2,5 млрд теңге бұғатталды.

Бұдан бөлек, байланыс операторларының көмегімен 67 млн жалған қоңырау бұғатталды. Жыл басталғалы киберқылмыс жасаған 900-ге жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жылдың алғашқы жартысында интернет-алаяқтар қазақстандықтардың 25 млрд теңгесін ұрлаған. Оның тек 1 миллиардқа жуығы ғана иелеріне қайтарылды. Сондықтан алаяқтардан сақтанудың төте жолы – цифрлық сауатты арттырып, телефондағы өзіңіздің жеке мәліметтеріңізге абай болу.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу