БҚО-да жылу, су, электр желілері жаңартылып жатыр
Оралда әбден тозған жылу, су, кәріз, электр желілері жаңартылып жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев стратегиялық нысандарды аралап көріп, құрылыс-жөндеу барысын пысықтады.
Оралда 60-шы жылы салынған жылу электр орталығы қазір «қызыл» аймақта тұр. Үш жыл бұрын суды суытатын жаңа градирня мен турбоагрегат іске қосылды. Биыл тағы бірнеше жоба қолға алынып, ғимараттың тозу деңгейін 60%-ға түсіру көзделген. Орталықта 248 шақырым жылу желілері бар. Қырық жамау болған жылу магистральдарын жаңарту 1 қыркүйеккке дейін аяқталмақ.
Бақытжан Әкімғожин, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры:
Үш үлкен жоба жасақталып жатыр. 1, 2, 3 жылу қазандықтарымызды ауыстыру бойынша жоспар және үшінші бу турбинасын және су жылытқыш қазандықтарды ауыстыру бойынша жобалар. Биыл ТМ-6 мен ТМ-7 екі үлкен магистральды жылу желілерін ауыстыру жұмысын жүргізіп жатырмыз.
«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде су, кәріз желілері де қалпына келтіріліп жатыр. Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасының құрылысы да қарқын алған.
Ұлттық жоба аясында облыс орталығы мен 44 ауылда электр желілері жөнделіп жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Төрт-бес жыл бұрын мен жылу орталығында болғам. Қиын жағдай болды ол кезде. Қазір де оңып тұрған жоқ. Бірақ позитивті өзгерістер бар. Магистральды жылу желілері жақсылап жаңғыртылды бұл жақта. Ол да үлкен жетістік. Электр торабы әбден тозған. 80 млрд тұратын 16 мың шақырым электр желілерін ауыстыру керек.
Үкімет басшысының орынбасары Ұлттық жоба аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға оң баға берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы