Қазақстанда 32 мыңға жуық шетелдік студент оқып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 32 мыңға жуық шетелдік студент оқып жатыр

11.08.2025

Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 32 мыңға жуықтады. Сондай-ақ ел тарихында алғаш рет Азия елдерінен ағылған білім алушылардың саны ТМД-дан студенттердің санынан асып түскен. Қазір отандық университеттерде 93 елдің азаматы оқып жатыр.

Судандық бұл азаматтар биыл Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің 2-курсын тәмамдаған. Болашақ медицина мамандары. Айтуларынша, Қазақстан туралы таныстарынан біліп, интернеттен көп мағлұмат жинаған. Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда оқу ақысы да, білім сапасы да өте тиімді дейді.

Абдулла Омер, қазақстандық жоғары оқу орнының студенті:

Былтыр сәуір айында біз Қазақстан Үкіметінің стипендиясы арқылы құжат тапсырып, мамырда оқуға қабылдандық. Грант өте әділ үлестірілді деп ойлаймын. Университеттердің халықаралық деңгейдегі рейтингі жоғары. Оқытушылар құрамы да өте мықты. Бізге сонысымен ұнады.

Елімізде білім алып жатқан студенттердің ең көбі – Үндістаннан келгендер. Олардың саны соңғы 4 жылда 3 есеге дейін артып, 12 мыңға жеткен. Екінші орында Түрікменстан, үштікті Ресейден ағылған білім алушылар түйіндейді. Қытай мен Пәкістаннан келушілер де көбейген.

Бану Нарбекова, Абай атындағы ҚАЗҰПУ проректоры:

Неге олар Қазақстанды таңдайды? Себебі елімізде тұрақтылық бар. Біздің елімізде саяси тұрақтылық, жалпы әлеуметтік тұрақтылық. Олар сосын қауіпсіздік мәселесіне де көп көңіл бөледі. Және әрине сапа. Сапалы білім беруге біздің әлеуетіміз жеткілікті. Бізде 120-дан аса университет бар.

Сырттан келген студенттер көбіне медицина, ақпараттық технологиялар және инженерия бағыттарын таңдайды. Болашақ маман иелері Қазақстанда алған дипломдармен әлемнің 55 елінде қызмет ете алады. Осылайша Қазақстан бүкіл Азия мемлекеттерінен студенттерді тартатын орталыққа айналып келеді, дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу