Қазақ тазысы алғаш рет әлемдік көрмеде ресми түрде таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ тазысы алғаш рет әлемдік көрмеде ресми түрде таныстырылды

08.08.2025

Қазақ тазысы үздік деп танылды. Финляндия астанасы Хельсинки қаласында өтіп жатқан Халықаралық кинология федерациясының дүниежүзілік көрмесінде тазы тұқымы барлық дерлік аталымда жеңімпаз атанды. «World Dog Show» деп аталатын байқауға әлемнің әр түкпірінен 25 мың ит әкелінген. Жүйрік тазылар халықаралық деңгейде танылған тұқым ретінде бұл көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Қазақстаннан арнайы іріктеу жасалып, 8 қазақы ит таңдап алынды. Байқау қорытындысы бойынша 5 бірдей тазы жүлделі орыннан көрінді. Мәселен, «Әлемнің жас чемпионы» аталымында қазылар алқасы Тамерлан атты жүйрікті үздік деп таныған. «Әлем чемпионы» аталымында Лашын және Ару атты иттер жеңімпаз болды. Екінші орынды да қазақ тазылары еншіледі. Айта кетейін, қазақстандық делегацияның таныстырылымы көрме қатысушылары арасында зор қызығушылық тудырған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген итбегілер чемпиондармен суретке түсіп, ұлттық тұқымға ерекше қызығушылық танытты. Қазақстан кинологтар одағының мамандары шетелдік қонақтарға тазының шығу тарихы мен бірегей қабілеттерін таныстырып, оның қазақ халқы үшін аса қадірлі әрі ұлттық қазынаның бірі екенін баяндады. Еске салсақ, қазақ тазысының сақталуы мен халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу