Астанада балалар тауарларының жәрмеңкесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада балалар тауарларының жәрмеңкесі басталды

01.08.2025

Астанада балалар тауарларының жәрмеңкесі өтіп жатыр. EXPO халықаралық көрме орталығында қанат жайған шарада 50-ден астам кәсіпкер өз өнімін көпшілік назарына ұсынды. 

Дәстүрлі «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі араға бір жыл салып астаналықтар үшін есігін айқара ашты. Таңғы сағат 10-нан халықаралық көрме орталығында сауда қыз-қыз қайнады. Ұл-қыздарын мектепке дайындау үшін ата-аналар сауда нүктелері алдына жиылып, керегін алды.

Әйгерім Жүзбаева, жеке кәсіпкер:

Мектепке қажетті барлық құрал-жабдықты жеткізіп отырмыз. Тауар саны жеткілікті. Бір үйдің бір баласына кем дегенде 15-20 мың теңгеге зат алуға болады. Мысалы, сөмкелер 5 мыңнан басталып, ең қымбаты 15 мың теңге тұрады. Дәптерлер – 23 теңге, ал қаламдар 30 теңгеден 100 теңгеге дейін барады.

Көптің сұранысына ие болған оқу киімдерінің бағасына келер болсақ, ұл-қыздардың бір жиынтық формасы орта есеппен 30-35 мың теңге. Жалпы, сауда-саттық алаңында киім-кешек, керек-жарақтың бәрі нарықтан төмен бағада саудаланып жатыр.

Гүлжан Нөпірова, «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:

Бұл жәрмеңкені «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы 4 жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Іс-шараға 50-ден астам қатысушы қатысып отыр. Олардың ішінде біздің отандық өндірушілер де бар. Іс-шара үш күн қатарынан 1-3 тамыз аралығында өтеді.

Сауда барысында серігу мүмкіндігі де қарастырылған. Алаң маңына сахна қойылған. Онда 3 күн бойы өнерпаздар өнер көрсетіп, сәнқой балалар отандық брендтердің көрсетілімін өткізеді.

Алдияр Айтбай

Хабарламаларға жазылу