Ресей Болон процесінен бас тартты
Ресейдің жоғары оқу орындары еуропалық Болон жүйесінен шықты. Бұған дейін студенттер төрт жыл бакалавриатта оқып, кейін екі жыл магистратурада білімін жалғастыратын. Енді бұл жүйенің орнына базалық және мамандандырылған жоғары білім деңгейлері енгізілді. Тілші тарқатады.
Билік өкілдерінің айтуынша, жаңа модель мамандарды еңбек нарығының сұранысына сай даярлауға мүмкіндік береді. Алайда реформаның студенттерге, әсіресе шетелден келіп білім алатын жастарға қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Себебі Ресей 2003 жылдан бастап Болон процесіне қатысып келген.
Светлана Брюховецкая, Ресей үкіметі жаныдағы қаржы университетінің маркетинг және талапкерлермен жұмыс жөніндегі проректоры:
Болон жүйесінен бас тарту Ресейдің жоғары оқу орындарына деген қызығушылықты төмендетті деп кесуге болмайды. Кейбір сұранысқа ие мамандықтар бойынша конкурс жоғары деңгейде сақталып отыр. Екі диплом алу мүмкіндігін ұсынатын халықаралық білім беру бағдарламаларына сұраныс жоғары. Алайда Ресейдің жоғары білім беру жүйесінің жаңа модельге көшуі, оны енгізу үшін бірнеше жыл қажет.
Енді жоғарғы оқу орындарында бұрынғыдай қос деңгейлі жүйе – 4 жылдық бакалавриат және 2 жылдық магистратура болмайды. Оның орнына кеңестік замандағы «специалитетке», яғни 5-6 жылғы оқуға оралу қарастырылған. Ал магистратураның орнына мамандандырылған жоғары оқу орны, 1-3 жылдық білім бағдарламасы енгізіледі. Айта кетейік, Ресейде 60 мыңнан астам отандасымыз білім алуда.
Светлана Пирогова, ЖОО өкілі:
Біз Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнымен де байланыс орнаттық. Әрине, қазір бұрынғыдай квота саны жоқ. Алайда біз қоғамға қажетті, техникалық мамандықтарға басымдық беруді көздеп отырмыз.
Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2023–2025 жылдары пилоттық бағдарламаларға 33 мың 500-ден астам студент қабылданған. Жаңа білім жүйесіне сәйкес, Ресей дипломдарының шетелде танылуы және басқа елдердің университеттеріне ауысу мүмкіндігі шектелмек. Енді ресейлік ЖОО-лар басқа елдегі әріптестерімен студент алмаса алмай қалады, толықтай жоғары білім беру бағдарламасы жаңартылады. Болон жүйесінен шыққандықтан, Ресей шетелдік студенттердің 50 пайызына дейін жоғалтуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы