Өзбекстанда жабайы жануарлардың заңсыз саудасына күрес күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда жабайы жануарлардың заңсыз саудасына күрес күшейді

31.07.2025

Өзбекстанда жабайы жануарларды заңсыз саудалау деректері көбейген. Кейбір экзотикалық түрлерін контрабандалық жолмен өзге елден тасымалдайтындар бар. Мәселен, жуырда қазақ-өзбек шекарасында Қызыл кітапқа енген жылан түрлерін алып өтпек болған әйел ұсталды. Оны тексерген кезде пластик ыдысқа салынған 15 жылан тәркіленді. Тұрғын оларды ешбір құжатсыз, заңсыз жолмен тасымалдаған. Бұдан бөлек, экологтар жүргізген рейдтік тексеру кезінде екі айлық жолбарыс пен жеті бірдей питон асырап отырған отбасы анықталды. Хайуанаттар Ташкент зообағына ауыстырылған. Осыған ұқсас деректер көптеп кездеседі. Тұрғындар мұндай әрекетке пайда табу мақсатында барады.

Наталья Шивалдова, «Ekomaktab» экологиялық ресурстық орталығының жетекшісі:

Контрабандалық жолмен тасымалданатын аң-құстар әдетте шекара бекеттерінен өткізіледі. Жануарлар мен өсімдіктердің жай-күйін жылдам тексеру кеден органы қызметкерлерінің құзыретіне жатпайды. Арнайы мамандар келгенше біраз уақыт керек. Міне, осы кезде біз шекарашыларға жылдам көмектесуге дайынбыз.

Жануарлар мен өсімдіктер контрабандасына тосқауыл қою үшін «Жасыл кеден» деп аталатын онлайн платформа іске қосылды. Оны зоология институтының ғалымдары мен экологиялық ресурстық орталық бірлесіп әзірлеген. Мақсат – жануарлар мен өсімдіктердің заңсыз айналымына қарсы күресу. Көршілес елдердің – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей мен Тәжікстанның табиғат қорғау органдарымен ақпарат алмасуды ұйымдастыру.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу