Таразда жыл басынан бері скутерлер мен мопедтердің қатысуымен 70-тен астам жол апаты тіркелді. Салдарынан 1 адам қаза болып, 60 адам жарақат алған. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 30-ға жуық жеткіншек бар. Сондықтан полиция тарапы қалада рейдтік шараларды күшейтті. Қала ішінде қатынаған жастардың басым бөлігінде жүргізуші куәлігі жоқ. Сондай-ақ олар мопедтеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін алмаған. Тіпті жол ережесін өрескел бұзғандар оқиға орнынан қашып кететінді шығарған. Олардың дені 13 пен 19 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер.
Дамир Азамат, қала тұрғыны:
Мемлекеттік нөмірсіз айдағаным үшін 19 мың теңге айыппұл төлеп және жүргізуші куәлігінсіз, жеке куәлігімсіз айдағаным үшін 39 мың теңге айыппұл төлеп, осы жерге скутерімді, мопедімді алып кетуге келіп тұрмын. Мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлік алып айдайтын боламын.
Қазір қаладағы айыптұрақ алдында скутерлеріне сыртынан сығалап жүрген жастарды жиі көресіз. Өйткені тәртіп сақшылары тексеру кезінде 220 мопедті айыптұраққа қойған. Полиция рейд барысында ішімдік ішкен жастар да кездесетінін айтады. Қазір рейдтік шаралардан кейін көшеде құжатсыз жүретін қос дөңгелекті көліктер күрт азайған.
Рүстем Алтаев, Тараз қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:
Үш күннің ішінде 59 скутер айыптұраққа қойылды. Оның ішінде 72 азаматқа әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Сонымен қатар тағы да 608-бап бойынша жазаға тартылғандар бар.
Данияр Әлімқұл
