Президент дәрігерлерге шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент дәрігерлерге шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырды

23.07.2025

Медицина қызметкерлеріне күш қолданып, қатыгездік танытқан адамдарға жаза күшейеді. Мемлекет басшысы депутаттар мен денсаулық сақтау саласы өкілдерінің ұсынысына қолдау білдірді. Бұл туралы Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады. Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды. Бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланбақ. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметте арнайы жиын өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елімізде медицина қызметкерлеріне 170 мәрте шабуыл жасалған. Қауіпсіздікті күшейту үшін ауруханалардың қабылдау бөлмелерінде полиция бекеттері қойылды. Үкімет басшысы тиісті министрліктерге 10 күн ішінде құжатқа түзетулерді әзірлеуді тапсырды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу