Басты Жаңалықтар Embraer компаниясы елімізде өкілдігін ашпақ

Embraer компаниясы елімізде өкілдігін ашпақ

Ұшақ өндірісінде әлемнің үшінші алпауыты атанған Embraer компаниясы елімізде техникалық қызмет көрсету бойынша өкілдігін ашуға ниетті. Бразилияда Cыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен Embraer-дің президенті Францсиско Нето осындай ұсыныс айтқан.

Embraer компаниясының «E190» ұшақтарын «Эйр Астана» 2011 жылдан бастап пайдалана бастады. Ал, «E2» моделін Қазақстан ТМД аумағында пайдаланған бірінші ел болды. Алайда, қазір Эйр Астананың авиапаркті «Airbus, Boeing» әуе кемелеріне жаппай көшіп жатыр. Сондықтан, «Embraer» ұшақтары біртіндеп азайып барады. Дегенмен, бұл компанияның тәжірибесі мен техникалық қызмет көрсетуі жоғары бағаланады.

Франциско Нето, Embraer компаниясының президенті:

Қазақстанмен ынтымақтастық құруда зор мүмкіндіктер барын біліп отырмыз. Азаматтық авиация, алыс шаһарларды байланыстыру және қорғаныс саласында пайдалы бола аламыз деп сенемін. Әсіресе біздің C-390 атты ұшағымызға сұраныс көп. Cол үшін бар мүмкіндіктерімізді бағалап, қай жерде тиімді бола алатынымызды қарастырып жатырмыз. 

Былтыр отандық әуе компаниялары 14,7 млн жолаушы тасып, одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайыз өсімді көрсетті. Сондай-ақ, 2024 жылы 12 жаңа халықаралық бағыт ашылды. Осы көрсеткіштерді одан әрі арттыруға «Embraer» компаниясы атсалысуға мүдделі. Жалпы, Бразилия тарапы Қазақстанмен ынтымақты басқа да салалар бойынша арттыруды көздеп отыр. 

 Касиано Перейра Виана, «Бразилия-Қазақстан» сауда палатасының президенті:

 Оңтүстік Американың ең үлкен мемлекеті ретінде біздің ұсынарымыз көп. Тіпті серіктестікке тың серпін беру үшін екі ел президенттерінің өзара іссапар ұйымдастыру жағын қарастырып жатырмыз.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы екі жақты тауар айналымы биылғы қаңтар-мамыр айларында 150 млн долларға жуықтаған. Бұл былтырғыдан 59 пайызға артық. Тараптар сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Бөлісу