Елімізде банктердің сақтандыруды міндеттеуіне тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде банктердің сақтандыруды міндеттеуіне тыйым салынды

21.07.2025

Бұдан былай банктер мен микроқаржы ұйымдары тұтынушыға сақтандыруды мәжбүрлей алмайды. Мұндай талап жаңа заң аясында жүзеге аспақ. Осыған дейін сақтандыру полистері қарыз берудің міндетті шарты ретінде қарастырылған.

Жазира Оразқызы, тілші:

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елімізде екінші деңгейдегі 21 банк бар, оның 13-і шетелдің қатысуымен және 9 еншілес қаржы ұйымы тіркелген. Ал сақтандыру секторына келсек, 25 ұйым болса, оның 10-ы өмірді сақтандыру, ал қалғаны жалпы сақтандыру бойынша компаниялар екен. Осыған дейін қаржы ұйымдары несие алған кезде өздерімен еншілес сақтандыру мекемелеріне жүгінуге мәжбүрлесе, енді таңдау құқығы – тұтынушының өзінде.

Яғни, жаңа заңға сәйкес енді банктер қарыз алушыны сақтандыру ұйымын таңдауда шектей алмайды. Ал осы құқықты қарапайым халық біле ме? Өздерінен сұрап көрдік.

Бұл өзгеріс банктердің тәуекел деңгейіне әсер етуі ықтимал. Себебі, несие беруші ұйымдар үшін сақтандыру – қарыздың қайтарылуына кепіл болатын негізгі тетік. Енді бұл құрал ерікті сипатқа ие болса, банктер тәуекелді азайтудың өзге де тәсілдеріне көшуі мүмкін,- дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Әзиз Әбілқасым, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқарма бастығының орынбасары:

Банктер енді несиелік тәуекелді азайтатын құралдан айырылды деуге болады. Мұндай жағдайда банктер, әсіресе, кепілсіз несие бойынша пайыздық мөлшерлеме көтерілуі мүмкін. Бұған қоса қосымша кепіл немесе үшінші тұлғаларды кепілдендіруі мүмкін.

Заңгер Роза Сәдуақасова жаңа заң тұтынушы үшін тиімді болды деген пікірде. Алайда несие аларда келісімшартты толық қарап, бүге-шүгесіне дейін түсініп, құқығы бұзылған жағдайда қорғай білуге кеңес береді.

Роза Сәдуақасова, заңгер:

Өзі кредит төлей алмай жүрген адамдарға сақтандырудың өзі қосымша ауыртпашылық. Банктерден де қорғайтын негізгі заң болып табылады. Сотқа жүгініп, өз құқықтарыңызды қорғауға мүмкіндік бар.

Сақтандыру мүлдем алынып тасталған жоқ. Десе де, оны рәсімдеу кезінде тұтынушы талаптарын, оның ішінде сақтандыру сыйлықақысы мен агенттік сыйақысының мөлшерін мұқият зерделеп алғаны жөн. Заңның да көздегені сол қарыз алушының құқықтарын қорғап, сақтандыруды барынша ашық және қолжетімді ету.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу