Жетісу облысының туристік әлеуеті жақсарып келеді. Жалпы Алакөл ауданына келген туристердің саны соңғы үш жылда 5 миллионға жуықтаған. Шомылу маусымы кезінде қосымша пойыздар іске қосылды. Сондай-ақ жаңа туристік бағыттар ашылып, келушілердің санын арттыру мақсатында жұмыстар жасалуда.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Бұл Мальдив те, Бали де емес. Өзіміздің - Алакөл. Жетісу облысына тиесілі Ақши жағалауынан 15 шақырым жердегі Аралтөбе деп аталатын жаңа туристік бағыт. Судың мөлдірлігі мен тазалығын тексеріп көрейік. Жаздың рахатын бірге сезініңіз.
Кіші Аралтөбе деп аталатын бұл шағын арал Алакөлдің солтүстік шығысында орналасқан. Суы таза, тұнық әрі емдік қасиетке ие. Кеңес заманында бұнда ғарышкерлер үйі болған деседі. Олар суға түсу арқылы, бойындағы радициялық ауырсынудан арылған.
Гүлсана Санатқызы, «Жетісу туристік ақпараттық орталығының» ақпарат бөлімінің басшысы:
Бұл үлкен және кіші арал деп бөлінеді. Демалушылар көібне үлкен Аралтөбеге келуде. Себебі мұндағы судың тазалығы мен табиғаттың сұлулығы ерекше атмосфера сыйлайды.
Еркінбек Нүсіпбеков өз отбасымен Алматыдан Алакөлге келуді жыл сайын үрдіске айналдырған. Алайда көл ортасында аралдың барын алғаш байқауы. Бұндағы табиғаттың ерекшелігін желіден көріп келгенін айтты
Еркінбек Нүсіпбеков, Алматы қаласының тұрғыны:
Аралға бірінші рет келіп тұрмын. Кешеден бері Алакөлге түсіп жатырмыз. Өте керемет жер екен. Алакөл емес, Алтынкөл деуге болады.
Аралға келушілер тек суға түсіп қана қоймай, қызыл кітапқа енген бірқазан, аққу, шағала, көкқұтан сынды 60-қа жуық құстарды тамашалай алады. Бұндағы флора мен фаунаның алуан түрлілігі туристердің көптеп келуіне ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Дамир Нұрмұхамет
