Универсиада: Ел қоржынына 5 жүлде түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Универсиада: Ел қоржынына 5 жүлде түсті

21.07.2025

ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан студенттері 5 қола медаль жеңіп алды. Алғашқы жүлдені көркем гимнастика шебері Айбота Ертайқызы сыйлады. Отандасымыз төрт жаттығу бойынша да финалдық кезеңде өнер көрсетті. Дегенмен, тек таспамен жаттығуда ғана медаль бұйырды. Төрешілер жерлесіміздің өнерін 26.600 ұпаймен бағалады. Ал қалған жүлделерді таэквондошылар жеңіп алды. 68 келі салмақ дәрежесінде Дамир Шүленов жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, финалдың жолдамасы сарапқа салынған кездесуде қытай спортшысына жеңілді. Қыздардан 49 келідегі Нодира Ахмедова әзірге қазақстандық таэквондошы қыздардың арасында жалғыз өзі жүлдеге ілінді. Ол да жартылай финалда Қытай өкіліне жол берді. 58 келіде Темірлан Тілеулес те үшінші орыннан көрінді. Ашылу салтанатында Мемлекеттік Туды ұстап шыққан Батырхан Төлеуғали финал үшін болған жекпе-жекте оңтүстік кореялыққа есе жіберді. Әзірге Ұлттық құрама 5 қоламен жалпыкомандалық есепте 30-орында тұр.

Телжан Күрдеров


Хабарламаларға жазылу