Шымкентте салмағы 55 килограмм болатын үлкен гамбургер әзірленіп, еліміздің КиНЭС рекордтар кітабына енді. Ашық аспан астында өткен Street Food Fest фестивалінде 50-ден астам қоғамдық тамақтандыру орны қала тұрғындары мен қонақтарына дәмі тіл үйірер тағамдарын ұсынды.
Еліміздегі ең үлкен гамбургерді әзірлеуге 12 аспаз бірнеше сағат бойына тынымсыз еңбек етті. Оны пісіретін пештің өзі арнайы тапсырыспен дайындалды. Сыртындағы наны, құрамындағы дәмдеуіштерін қоспағанның өзінде оған 30 килограммнан артық тартылған ет салынды.
Қаһарман Әбдірайымов, аспаз:
Котлеттеріміз 500 граммнан әрқайсысы. 65 котлет дайындалып жатыр. Бұл жерде тек көлеміне ғана мән бермей сапасына да, дәміне де мән бердік.
Гастрономиялық фестивальге келушілер аспаздардың шеберлігіне куә болып, кәсіби дағдыларына қанықты. Мұнан бөлек қолөнер шеберлерінің бұйымдарын да тамашалады. Көше биі сайысы ұйымдастырылып, акробатикалық қойылымдар көрсетілді.
Дана Әділханова, қала тұрғыны:
Осындай іс-шаралар бізге, жастарға ғана емес, қаламыздың тұрғындарына да көптеген мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ көңіл көтерудің амалы, жолы деп білемін.
Дәм-дәстүр фестивалі Шымкентте жыл сайын өткізіліп келеді. Бұған дейін қала жұртшылығы мен қонақтары осы фестивалде ұлттық тағамдардан дәм татқан болатын.
Ерлан Омаров, Туристік ақпарат орталығының басшысы:
15-ке жуық қолөнершілер бірыңғай дизаинмен олар да шатырда. Өздерінің өнімдерін қонақтарға, туристерге Шымкент қаласы тұрғындарына өнімдерін сатып, креативті туризм өнімдеріне де қолдау өткізіп жатырмыз.
Дастархан – елдің байлығы. Мерекенің шырайы. Сондай-ақ тарихы терең шаһардың туристік тартымдылығын арттыруға да ықпалы зор. Былтыр Шымкенттің тыныс-тіршілігімен танысып, тарихи орындарын тамашалауға 500-мыңнан астам турист келген. Оның 35 мыңдайы шетел азаматы.
Ғани Қалмаханов
