Қостанай облысында республикалық шекарашылар спартакиадасы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында республикалық шекарашылар спартакиадасы өтіп жатыр

19.07.2025

Қостанай облысының Қарабалық ауданында шекарашы сарбаздар арасында алғаш республикалық спартакиада өтіп жатыр. Додаға еліміздің әр өңірінен әскери қыметшілер қатысып, түрлі спорт түрінен өзара күш сынасады.

Сайдың тасындай қатар тізіле сап түзеп келе жатқан сарбаздар – шекара шебінің ұландары. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам әскери қызметкер шеру құрып, ашылу салтанатының алаңына шықты. Көш бастап келе жатқан қызметтік иттер - сенімді серіктері. Олардың көмегімен өңірде шекара сызығын заңсыз кесіп өтпек болған 14 адам ұсталған.

Айсұлу Әубәкірова, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

Спартакиаданың Қарабалық ауданында өтуінің символдық мәні бар. Себебі біздің аудан облыстағы шекара маңында орналасқан аудандардың бірі. Бір күнде бекеттен 8000 мыңға жуық адам өтеді . Сондықтан бұл саланың дамуы мен қызметкерлердің абыройын арттыруға үлкен көңіл бөлінеді.

Атаулы шараға қызметтік бөлімдерден 21 команда қатысып жатыр. Олар шекаралық үш сайыс, биатлон, қазақ күресі және қоян-қолтық ұрыстан өзара сынға түседі. Сарбаздардың ойынын жоғары деңгейдегі 28 төреші бағалайтын болады.

Дидар Оразаев, ҚР ҰҚК ШҚО арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдарының аға барлаушысы:

ШҚО департаментінен Қостанай облысы Қарабалық ауданына үлкен додаға қатысқалы келдік. Жігіттердің бәрі жақсы дайындықта. Арнайы бапкерлермен дайындалдық. Жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.

Мағжан Исматов, ҚР ҰҚК Атырау облысы департаментінің заңдылықты қамтамасыз ету тобының бастығы:

Шекарамыздың беріктігі осы сарбаздардың арқасында. Олардың дайындықтары аса маңызды. Кәсіби біліктілігіне және жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейде болуына спорт шараларының орны ерекше. Әрі достық кездесу деп айтуға болады. Бір-бірін жақсы таниды. Бауырмалшылықтары артады.

Уәли Мұхамеджан, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы департаментінің әскери қызметкері:

Шекара қызметінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Шеткері жерде бүкіл Қазақстанның шекарасын қорғап жүрміз, қызметімізді адал атқарып. Кез келген уақытта кез келген тапсырманы орындауға талап етеді. Елімізді қорғауға әрқашан дайынбыз.

Рухты ән мен күй, бимен өрілген тарихи қойылым, ұрыс өнерінің үлгісі. Бұның бәрі ресми ашылу рәсімінің салтанаты. Шараға әскер ардагерлері мен құрметті қонақтар шақырылды. Сондай-ақ шекара қызметіндегі ерлігі мен еңбегі үшін бірқатар үздік мамандар марапатталды.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу