Азаматтық қоғам институттары – қоғамның қозғаушы күші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтық қоғам институттары – қоғамның қозғаушы күші

18.07.2025

Мемлекеттік органдармен арадағы әріптестікті нығайтатын үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жандандыру қоғамның белсенділігін арттырып, ізгі бастамаларға жол ашады. Бүгін Шымкент қаласында өткен азаматтық форумда осы мақсаттағы міндеттерді айқындау мен жұмыс барысында кездесіп жатқан қиындықтарды шешу жайы сөз болды. Жиынға Ақпарат және мәдениет министірлігінің өкілі, шаһар әкімінің орынбасары, еліміздегі Азаматтық альянсының басшысы мен 16 өңірден келген делегаттар қатысты.

Алмагүл Кенжетаева 8 жылдан бері кәмелет жасынан асқан мүгедек балаларды қолдау ісімен айналысып келеді. Оның жетекшілігіндегі орталық жарымжан жандарға 8 түрлі бағыт бойынша медициналық, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсетеді. Алайда әлеуметтік лицензия мәселесіне байланысты биыл жұмыстары ақсап тұр.

Алмагүл Кенжетаева, қоғамдық бірлестік төрағасы:

Біз мемлекеттік грант алушылардың қатарынан едік. Балаларға ақша бөлініп тұрған. Біздің барлығымызда лицензия болуы керек деді. Лицензияны да алдық. Бірақ әлі күнге дейін жұмысымыз тоқтап тұр.

Форум қатысушылары осы секілді түйіткілді мәселелерін сөз етумен бірге, панельдік сессияларда әлеуметтік әріптестік, мемлекеттік тапсырыс және цифрландыру мен қоғамдық бақылау мәселелері де талқылады. Азаматтық қоғам институттарының мәртебесін заңмен нақтылау да олардың көптен күтіп жүрген өзгерісі.

Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:

Ол жерде нақты мәртебесі де, жауапкершілігі де, міндеті де көрсетілуі керек. Сол кезде ғана миллиардттаған мемлекеттік ақша тиімді нәтиже береді.

Форум барысында айтылған ұсыныстар жинақталып, оны шешу жолдары қарастырылған арнайы жоспар түзілетін болды. Бүгінгі таңда Шымкентте 1 мың 700-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оның 500-дейі республикада тіркелген бірлестіктердің филиалы.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу