Алматыда креативті индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда креативті индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді

12.07.2025

Еліміздің креативті кәсіпкерлері шаруасын кеңейту үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілгенін қалайды. Жалпы бұл салаға IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ қолөнершілер жатады. Қазірдің өзінде осы салада 143 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артты, - дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Үш жыл бұрын құрылған бұл заманауи театрдың репертуарында қазір 8 спектакль бар. Ұжым жетекшісі креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңның қабылдануы дер кезінде қолға алынған іс болды, - дейді. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен таланттар анықталып, түрлі жобаларға қолдау көрсетіледі деп сенеді.

Әннәс Бағдат, драматург:

Жалпы креатив индустрияны дамыту концепциясы, стартегиясы өте маңызды. Әсіресе, театрлар үшін. Себебі, театрда шығын өте көп. Билет сатудың өзі, маркетингтің өзі ақша. Және театр брендке айналып үлгермей, өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан алғашқы кезеңдерде, бірнеше жылда стартап ретінде театрларға қолдау өте маңызды.

Назерке Болатбекқызы ұлттық нақыштағы киімдерді қазіргі заманға сай икемдеп, қайта жаңғыртып жүр. 15 маман жұмыс істейтін шағын ательеде дайындалатын өнімдердің 70%-ы шетелге экспортталады. Креативті индустрияға көңіл бөлінгелі жұмыс барынша ашық жүргізіліп, дизайнерлер шетелге ағылуды қойды, - дейді.

Назерке Болатбекқызы, дизайнер, кәсіпкер:

Бізге грант арқылы, аз пайызды несие беру арқылы көмектер болса мемлекет тарапынан әрине, біз өте қуанамыз. Қазіргі таңда Алматы креатив хабтың резидентімізге бір жыл болды. Бізге жеңілдіктер бар. Аренда төлеу жағынан. Неше түрлі шаралар болады. Соларға қатысамыз. Әрине, кеңейту жағынан бәрі қаражатты талап етеді.

Кәсіпкерлер осы салаға мүмкіндігі шектеулі жандарды көптеп тартуды көздейді. Ол үшін мемлекеттік қолдау қажет екенін айтады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2029 жылға қарай креативті индустрияларда жұмыспен қамтылғандардың санын 175 мың адамға дейін жеткізу жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу