Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысына барып, Алакөл көлінің инфрақұрылымымен танысты. Вице-премьер атқарылған жұмыс нәтижесімен танысып, олқылықтар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Суы сан дертке шипа Алакөлге келіп демалушылардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр мына біз тұрған Ақши ауылына жақын жағалауда 1 млн 800 мың адам демалған. Жағажай туризміне жауаптылар биыл олардың саны екі миллионға жетуі мүмкін дейді. Туристер санитарлық тазалықтың жоқтығына, дәретхананың жетіспейтініне жиі шағымданады. Қоқыстың уақытылы шығарылмайтынын да айтады.
Жауапты тұлғалардың басты назар аударатын мәселесі - демалушылардың судағы қауіпсіздігі. Ақши ауылының жағалауында қазір құтқару қызметінің 25 су көлігі тәулік бойы кезекшілік етеді. Жағажайдағы демалушылардың жағдаймен танысқан Ермек Көшербаев шағын қайықтар мен скутерлердің қозғалысын бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен сөйлестік. Денсаулық сақтау өкілдерін осы жерге ертіп келдім. Осындай кішкене мәселелерді жинақтағанда үлкен проблема болып шыға келеді. Мұның көбін қаражатсыз тек қана жөнді ережемен бақылауға алып, күнде соны тексеріп, көріп, халыққа жағдай жасауға болады.
Қазір жағалау толық интернетпен қамтылған. Демалыс орындары электр энергиясынан таршылық көріп отырған жоқ. Бескөл – Ақши бағыты бойынша ұзындығы 57 шақырымдық жоғары кернеулі электр желісі тартылып, жаңа қосалқы станция салынды. Санитарлық және жағажай инфрақұрылымын дамыту мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Ардақ Амангелдиев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
Жай уақытта бір адам жұмыс істейтін. Осындай сезонда 8 адам істейді. Күнде қосымша жедел жәрдем машинасы қойылады. Қазір алған есеп бойынша, күніне 40-50 адам хабарласады. Соларға жедел көмек көрсетіледі.
Вице-премьер жұмыс сапарының аясында сала мамандарымен Алакөл көлінің туристік әлеуетін дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады. Бірнеше жауапты министрліктің лауазымды тұлғаларына мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Қуан Нұрақын
